Өңірде сатып алушылардың мүддесін қорғау және баға тұрақтылығын сақтау бағытында Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Мемлекеттік бақылаудың нәтижелері, бөлшек саудада анықталған заңбұзушылықтар және адал бизнесті қолдау шаралары туралы брифинг барысында «Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті» РММ басшысы Самат Сайдалин мәлімдеді.
2026 жылдың есепті кезеңінде департаментке азаматтардан жүздеген өтініш түскен, олардың басым бөлігі бөлшек сауда саласына қатысты болып отыр. Мамандардың айтуынша, сатып алушылар байланыс ақпаратының жоқтығынан шағым түсіре алмайтын, кассалық чек берілмейтін немесе есеп айырысу тек ақшалай аударымдар арқылы ғана жүргізілетін заңбұзушылықтарды жиі тіркейді. Осындай фактілердин жолын кесу мақсатында ведомство жоспардан тыс тексерулер жүргізеді. Әсіресе, құрамына ең қажетті тауарлардың отыздан астам атауы кіретін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне ерекше назар аударылады – оларға қолданылатын шекті сауда үстемесі 15 пайызбен шектелген. Осы лимиттерді асырғаны және баға белгілеу ережелерін ескермегені үшін ондаған кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Өңірде бағаны бақылаудан бөлек, сапаға қоғамдық бақылау жасауға бағытталған «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасы белсенді жүзеге асырылуда. Лабораториялық зерттеулер барысында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейтін, сондай-ақ таңбалануы бұзылған және мемлекеттік тілде ақпараты жоқ тауарлар анықталуда. Сонымен қатар, витринадағы баға мен чектегі қорытынды соманың сәйкес келмейтін жекелеген жағдайлары да кездеседі. Анықталған барлық заңбұзушылықтар бойынша қауіпті өнімдерді айналымнан шығаруға бағытталған жедел әрекет ету шаралары қабылданып жатыр.
«Біздің басты мақсатымыз – жазалау үшін жауапкершілікке тарту емес, нарықтың ашықтығын қамтамасыз ету және кәсіпкерлік субъектілерінің бірыңғай талаптарды сақтауына қол жеткізу. Шекті сауда үстемесінің қатаң сақталуы бағаның негізсіз өсуіне жол бермеудің және тұтынушылардың мүддесін қорғаудың маңызды шарты болып табылады», – деп атап өтті Самат Сайдалин.
Департамент бизнес өкілдерін жоғары әлеуметтік жауапкершілік танытуға және заңнаманы бұлжытпай сақтауға шақырады. Нарықтағы ашық ережелер мен салауатты бәсекелестік әрбір сатып алушының заңды құқықтарын қорғауға кепілдік бере отырып, облыс нарығының тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді.
