Ақмола облысында санитариялық-эпидемиологиялық қызметті цифрландыру есептілікті өңдеу уақытын қысқартып, кәсіпкерлермен жұмысты жеңілдетуге және жұқпалы аурулардың таралуын бақылауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл туралы брифингте облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Серік Омарханов мәлімдеді.
Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалаудың ақпараттық жүйесі бақылаудағы объектілер туралы мәліметтерді жинауға, талаптарға сәйкес келмейтін өнімдерді есепке алуға және қосымша бақылауды қажет ететін нысандарды анықтауға көмектеседі.
2026 жылдың тоғыз айында e-sen.kz платформасын пайдалану нәтижесінде есептілікті қолмен өңдеу көлемі 23,8%-ға азайып, цифрлық есептілік көлемі 47,7%-ға артқан. Кәсіпкерлерге арналған ұсынымдарды дайындау уақыты екі күннен 15 минутқа дейін, ал объектілер туралы мәліметтерді алу мерзімі үш күннен бір сағатқа дейін қысқарған.
«Цифрлық жүйелер мамандардың жұмысын жеделдетіп, қажетті ақпаратқа қол жеткізуді жеңілдетеді. Бұл бақылаудағы объектілердің жағдайын бағалауға, ықтимал қауіптерді дер кезінде анықтауға және санитариялық-эпидемиологиялық шараларды уақтылы қабылдауға мүмкіндік береді», — деді Серік Омарханов.
Цифрландыру вакцинацияны есепке алуды да қамтиды. 2026 жылғы қаңтардан бастап профилактикалық екпелер мен вакциналардың қозғалысы туралы есептілік электрондық форматта жүргізіледі. Тұрғындар өздерінің екпе туралы мәліметтерін eGov Mobile қосымшасындағы «e-Densaulyq» сервисінен тексере алады.
Сонымен қатар, ilisari.kz ақпараттық жүйесі арқылы ЖРВИ мен тұмау бойынша сырқаттанушылық көрсеткіштері, асқынулар және зертханалық зерттеулердің нәтижелері бақыланады. Бұл эпидемиологиялық жағдайдағы өзгерістерді дер кезінде анықтап, қажетті профилактикалық шараларды қабылдауға жағдай жасайды.
Цифрлық құралдарды енгізудің негізгі мақсаты — бақылау үдерістерін оңтайландырып, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету.
