Көкшетау қаласында Ақмола облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірлесіп, «Restart» жобасы аясында жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларына арналған ақпараттық кездесу өтті.
Іс-шара барысында пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарға мемлекеттік қолдау шаралары мен тұрғын үй бағдарламалары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Кездесуге жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, «Отбасы банк» АҚ мамандары және құрылыс компанияларының өкілдері қатысып, тұрғын үй алу мүмкіндіктері мен құжаттарды рәсімдеу тәртібін түсіндірді.
«Restart» жобасы бір жылдан астам уақыттан бері Астана қаласында, Ақмола және Қарағанды облыстарында жүзеге асырылып келеді. Жобаның негізгі мақсаты – бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтардың қоғамға бейімделуіне қолдау көрсету, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесу және қайта қылмыс жасау тәуекелін азайту.
Жоба аясында бүгінгі күнге дейін шамамен 1,5 мың қазақстандыққа көмек көрсетілді. Қатысушыларға тегін психологиялық және құқықтық кеңестер беріледі, білім беру бағдарламалары мен тренингтер ұйымдастырылады. Сонымен қатар, жұмысқа орналасуға, әлеуметтік байланыстарды қалпына келтіруге және жаңа өмір бастауға жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Жұмыспен қамту бағыты да ерекше назарда. Жоба жетекшілерінің мәліметінше, жыл басынан бері үш өңірде 150 жұмыс орны ұйымдастырылып, қатысушыларға бос жұмыс орындарын қарастырып, еңбек нарығына қайта оралуға мүмкіндік жасалған.
Жоба шеңберінде жаңа бастамалар да қолға алынуда. Солардың бірі – «Киноға терең бойлау» бағдарламасы. Бұл әдіс бойынша қатысушылар психологтардың сүйемелдеуімен фильмдерді көріп, талдау арқылы өз әрекеттерінің себептерін түсінуге және өмірлік құндылықтарын қайта қарауға мүмкіндік алады.
Сондай-ақ мамандар босатылған азаматтарды сүйемелдеудің арнайы жүйесін енгізуді ұсынуда. Бұл қолдау жұмыстары азамат түрмеден шыққаннан кейін ғана емес, босатылуға дайындық кезеңінен бастап жүзеге асырылуы тиіс. Сарапшылардың пікірінше, мұндай кешенді тәсіл олардың қоғамға тезірек бейімделуіне және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Restart» жобасы мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және қоғамның күш-жігерін біріктіре отырып, азаматтардың жаңа өмір бастауына, тұрақты жұмыс тауып, қоғамның толыққанды мүшесіне айналуына мүмкіндік беріп келеді.
