Зеренді ауданындағы «Sunqar» балалар лагерінде «Жас Ұрпақ» жастар бірлестігінің екінші облыстық слеті өтті. Ауқымды іс-шара Ақмола облысы прокуратурасының бастамасымен және облыстық білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Слетке облыстың 20 өңірінен келген 100-ден астам оқушы қатысты. Іс-шара барысында жасөспірімдер интеллектуалдық байқауларға, білім беру тренингтеріне және командалық ойындарға қатысып, өзара тәжірибе алмасты.
Жоба өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, құқықбұзушылықтың алдын алуға, заң мен тәртіп қағидаттарын нығайтуға, жастардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға бағытталған.
Слеттің маңызды бөлігінің бірі — жаңа қатысушыларды «Жас Ұрпақ» қатарына қабылдау рәсімі болды. Оқушылар салтанатты түрде ант қабылдап, бірлестік мүшесі атанды.
Іс-шара барысында облыс прокурорының орынбасары Марат Бақтыбекұлы сөз сөйлеп, жобаның маңыздылығына тоқталды.
— «Жас Ұрпақ» жобасы 2024 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Негізгі мақсат — білімді, жауапты, заңға құрметпен қарайтын жастарды тәрбиелеу. Бүгінде жобаға облыстың барлық өңірінен 8 мыңнан астам оқушы қатысып отыр. Бұл — жастардың білімге, тәртіпке және дамуға деген ұмтылысының айқын көрінісі, — деді ол.
Сонымен қатар, жоба қатысушыларының арасында түрлі байқаулар мен жарыстардың 173 жеңімпазы мен жүлдегері бар екені айтылды. Оның ішінде халықаралық деңгейде жетістікке жеткен жастар да бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және өңірлер арасындағы достық байланысты нығайтуға ықпал етеді.
