Зерендіде жастарға арналған ауқымды оқыту лагері өтті

 

Ақмола облысының Зеренді ауданындағы «Сұңқар» сауықтыру кешенінде жастарға арналған дәстүрлі «Жалынды Jastar CAMP-2026» оқыту лагері ұйымдастырылды. Іс-шараны Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» КММ өткізді.

Лагерьдің негізгі мақсаты – өңірдегі жастар ресурстық орталықтарының басшыларын, белсенді жастар мен волонтерлік ұйым өкілдерін біріктіріп, жастар көшбасшыларын қолдау, тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру және үздік волонтерлерді анықтау болды.

Екі күнге созылған лагерьге Ақмола облысының қала-аудандарынан келген 140-қа жуық жас қатысты. Олардың қатарында жастар ресурстық орталықтарының басшылары мен мамандары, белсенді жастар, волонтерлік ұйым жетекшілері, сондай-ақ Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Атырау, Павлодар және Ұлытау облыстарынан келген жастар саясаты саласының мамандары болды.

Іс-шараның ашылу салтанатына Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова қатысып, жастардың қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды. Ол жастардың ел болашағы мен қоғамның қозғаушы күші екенін атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тілеп, сертификаттар табыстады.

Лагерь бағдарламасы аясында «Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде TEDx форматындағы кездесулер, «Жастар QUIZ» интеллектуалдық ойыны, «Qadam Quest» квесті, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы, воркшоптар мен бард кеші ұйымдастырылды. Сонымен қатар жастарға жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдылары үйретілді.

Шара барысында жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. «ESBOL QORY» қоғамдық қорының өкілі Абылайхан Сапарбектің айтуынша, «Friends in Focus» бағдарламасы жастар арасында ерте профилактика жұмыстарын жүргізуге бағытталған.

– Бұл бағдарлама есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасымен бірлесіп әзірленген. Басты мақсат – жастарға тәуелділіктің алғашқы белгілерін ерте анықтаудың маңызын түсіндіру. Себебі адам бойындағы өзгерісті ең алдымен оның жақын достары байқайды, – деді ол.

Лагерь барысында қатысушылар түрлі командалық ойындарға қатысып, өзара тәжірибе алмасты, жастар саясатын дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ Зеренді өңірінің көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастырылды.

Атырау облыстық жастар ресурстық орталығының белсендісі Айкөркем Жолдастың айтуынша, лагерь жастар арасындағы байланысты нығайтып, жаңа тәжірибе жинауға мүмкіндік берген.

– Мұнда еліміздің әр өңірінен келген белсенді жастармен танысып, пайдалы ақпараттар алып жатырмыз. Осындай кездесулер ортақ идеяларды жүзеге асыруға үлкен серпін береді, – деді ол.

Іс-шара соңында белсенділік танытқан жастар мен волонтерлер Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаевтың атынан алғыс хаттармен марапатталды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться