Ұлттық домбыра күніне орай еліміздің барлық өңірінде мәдени бағдарлама ұйымдастырылып жатыр. Оның аясында концерттер, фестивальдер, күйші және домбырашылар байқаулары, көрмелер, ғылыми конференциялар, музейлер мен кітапханалардағы арнайы жобалар, шығармашылық кездесулер мен танымдық іс-шаралар бар.
Еліміз бойынша 2000-нан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Оның ішінде 20-ы республикалық, 98-і облыстық деңгейде ұйымдастырылады. Қалған іс-шаралар аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерде, сондай-ақ жергілікті мәдениет ұйымдарында өтеді. Мерекелік іс-шараларға 2 миллионнан астам адам қатысады деп жоспарланып отыр.
Ұлттық домбыра күні жыл сайын шілде айының алғашқы жексенбісінде аталып өтеді. 2018 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен бекітілген бұл мереке ұлттық бірегейлікті нығайтуға, жастардың дәстүрлі өнерге қызығушылығын арттыруға және ұрпақтар сабақтастығын сақтауға бағытталған.
Биылғы мереке жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Жаңарған Ата заң халықтың бірлігін бекемдеп, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраны ұлықтайтын мемлекеттік дамудың жаңа кезеңіне жол ашты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев домбыраның ұлттық мәдениетті сақтаудағы маңызына тоқталған болатын. Мемлекет басшысы Ұлттық домбыра күні қазақ халқының болмысын айшықтап, жас ұрпақтың ұлттық рухын көтеретін маңызды мереке екенін атап өтті.
Президент өз сөзінде: «Нағыз қазақ – домбыра», – деп, қасиетті домбыра Қазақстанның әлемге танылатын бірегей брендіне айналуға тиіс екенін айтты.
Мерекелік іс-шаралар Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен барлық облыста өтеді. Кәсіби шығармашылық ұжымдардың, ұлттық аспаптар оркестрлерінің және жас орындаушылардың қатысуымен концерттер, фестивальдер мен бұқаралық мәдени жобалар ұйымдастырылады.
4 шілдеде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен өтетін республикалық #dombrakuni челленджі мерекелік бағдарламаның мазмұнын айшықтай түседі.
