Абай күніне орай Ақмола өңірінде ақынның рухани мұра кеңінен дәріптелді

 

Ақмола облысында Абай күніне арналған мәдени-ағартушылық шаралар кең көлемде өтіп жатыр. Өңірдің барлық аудандары мен қалаларында ұлы ақынның шығармашылығын насихаттауға бағытталған әдеби кештер, байқаулар, танымдық сабақтар, пікірталастар мен шығармашылық кездесулер ұйымдастырылуда.

10 тамыз – қазақтың ұлы ақыны, ойшыл әрі ағартушысы Абай Құнанбайұлының туған күні. Осыған орай Ақмола облысында Абайдың әдеби және музыкалық мұрасын кеңінен насихаттауға, оның тағылымды ойларын жас ұрпаққа жеткізуге бағытталған түрлі форматтағы іс-шаралар қолға алынды.

Абайдың білім, еңбек, адамгершілік пен адалдық туралы ойлары уақыт өткен сайын өзектілігін арттырып келеді. Сондықтан өңірдегі шараларда ақынның шығармаларын жатқа оқумен қатар, оның қара сөздері мен философиялық тұжырымдарын бүгінгі қоғаммен сабақтастыруға ерекше мән берілуде.

Көкшетаудағы Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Абай дана, Абай дара қазақта» атты поэзиялық кеш өтті. Қатысушылар ақынның өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер оқып, оның шығармашылығының ұлттық әдебиет пен руханияттағы орны туралы ой бөлісті.

Абай мұрасын дәріптеудің маңызына тоқталған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Байқал Байәділ мұндай кездесулердің ақын шығармашылығын кейінгі ұрпаққа жеткізудегі рөлін атап өтті.

«Абайдың шығармашылығы – халқымыздың рухани қазынасы. Осындай кездесулер арқылы ақынның өлеңдері мен қара сөздерін қайта оқып, оның айтқан ойларына жаңаша үңілеміз. Абайды ұлықтау – оның мұрасын есте сақтау ғана емес, сол мұраны бүгінгі ұрпақтың санасына жеткізу», – деді Байқал Байәділ.

Ақынның музыкалық мұрасы да назардан тыс қалмады. Көкшетауда «Абай әндері – руханияттың алтын қазынасы» атты сұхбат-кездесу ұйымдастырылып, онда Абайдың әндері орындалып, қара сөздерінің бірі оқылды. Шараның негізгі мақсаты – ақынның әдеби және музыкалық мұрасын кеңінен насихаттап, ұлттық мәдениетке деген қызығушылықты арттыру.

Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында Абайдың «Ескендір» поэмасының әдеби оқылымы өтті. Театр әртістері шығарманы кезектесіп оқып, поэмадағы философиялық ойлар мен адамгершілік мәселелер төңірегінде пікір алмасты.

Абай мұрасын жастар арасында насихаттауға да басымдық беріліп отыр. Мәселен, облыстық «Абай дана» қарасөзтану байқауына Ақмола облысының аудандары мен қалаларынан жастар қатысады. Байқаудың басты мақсаты – ақынның қара сөздерін кейінгі буын арасында кеңінен насихаттау.

Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директорының орынбасары Галина Васильевна Савенкова жастарға Абай мұрасын танытудың маңыздылығын атап өтті.

«Абайдың шығармашылығын жастарға таныстырудың маңызы ерекше. Оның өлеңдері мен қара сөздері жас ұрпақты білімге, ізденіске, адамгершілікке үндейді. Осындай әдеби кездесулер жастардың Абай мұрасына жақындай түсуіне мүмкіндік береді», – деді Галина Васильевна Савенкова.

Абай күніне арналған іс-шаралар облыстың барлық аудандары мен қалаларын қамтып отыр. Әр өңірде ақын шығармаларын оқу, викториналар мен танымдық сабақтар өткізу, көше акцияларын ұйымдастыру, пікірталас пен шығармашылық байқаулар өткізу сияқты түрлі форматтар қарастырылған. Мәселен, Ерейментау ауданында «AbaiTime» көше акциясы ұйымдастырылса, Жарқайың ауданында «Абай – қазақтың рухани темірқазығы» атты танымдық сабақ өткізу жоспарланған.

Осылайша, Абай күні Ақмола облысында бір ғана мәдениет ошағының немесе жекелеген ауданның көлемінде емес, өңірдің барлық аумағын қамтитын ауқымды рухани-ағартушылық бастама ретінде аталып өтуде.

Бір жерде ақынның өлеңдері оқылып, әндері шырқалса, енді бір жерде қара сөздері талқыланып, жастар арасында байқаулар мен танымдық шаралар ұйымдастырылуда. Мұның барлығы – Абай мұрасының бүгінгі ұрпақ үшін де маңызын жоғалтпағанының көрінісі.

Абайды ұлықтау – ұлы ақынның сөзін еске алу ғана емес, оның білімге, еңбекке, адамгершілікке үндеген өнегесін жаңа ұрпаққа жеткізу.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться