Көкшетауда «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында полиция мен халық арасындағы ашық диалог жалғасуда. Қалада кезекті «Аулаларда қабылдау» акциясы Жамбыл көшесіндегі тұрғын үйлердің ауласында өтті.
Іс-шараның басты ерекшелігі – кабинетсіз және ресми қабылдау бөлмелерінсіз еркін форматта ұйымдастырылуы. Бұл тұрғындарға Көкшетау қаласы полиция басқармасының бастығы Нұрлыжан Ақтановқа, прокуратура және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының өкілдеріне тікелей сұрақ қоюға мүмкіндік берді.
Кездесуге ауданның белсенді тұрғындары, ПИК және МИБ төрағалары, қоғам белсенділері мен жергілікті халық қатысты. Тұрғындар құқықтық тәртіп мәселелерімен қатар, көшелердің жарықтандырылуы, қосымша бейнебақылау камераларын орнату, балалар алаңдарының жағдайы және аула аумақтарын абаттандыру бойынша ұсыныстарын айтты.
Полицейлердің айтуынша, мұндай мәселелер тұрғындардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпке тікелей әсер етеді. Сондықтан көтерілген барлық ұсыныстар мен өтініштер бақылауға алынып, тиісті мекемелермен бірлесіп қаралатын болады.
#ЗАҢМЕНТӘРТІПАҚМОЛА
