Көкшетау тұрғындары көптен күткен пәтер кілттерін алды

Республика күніне орай Ақмола облысының орталығында жаңа пәтер кілттерін табыстау салтанатты рәсімі өтті. Жаңа баспаналар реновация бағдарламасы аясында және әлеуметтік жағынан осал санаттағы отбасыларға берілді.

Жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов табыстады.

Өз сөзінде өңір басшысы облыста тұрғын үй құрылысы қарқын алып келе жатқанын атап өтті.

«Президент әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатын арттыру мен өмір сүру сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөледі. Соның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі – маңызды бағыттардың бірі. Соңғы екі жылда шамамен бес мың мұқтаж отбасы баспанамен қамтамасыз етілді, бұл – бұған дейінгі жеті жылда атқарылған жұмыспен тең көрсеткіш. Осы шаралардың барлығы тұрғын үй кезегін едәуір қысқартуға мүмкіндік берді», – деді облыс әкімі.

Реновация бағдарламасы аясында және тұрғын үй кезегінде тұрған мұқтаж отбасылардың қатарынан Көкшетаудың 80-нен астам тұрғыны жаңа, жайлы баспанаға ие болды.

«Біз 1964 жылы салынған ескі, апатты үйде тұрдық. Ол жөндеуге жарамсыз еді. Сол үйде 30 жыл өмір сүрдік. Енді арманымыз орындалды – жаңа, жарық әрі кең үйге көштік. Аулада автотұрақ пен балаларға арналған ойын алаңы да бар», – деді жаңа қоныс иесі Тастлима Төқбергенова.

Айта кетейік, биыл облыс бойынша түрлі санаттағы азаматтарға, соның ішінде әлеуметтік осал топтағы кезекте тұрғандарға 700-ге жуық пәтер берілді. Осы жылы барлығы1200 пәтер тапсыру жоспарлануда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться