Ақмола облысында биылғы оқу жылы аяқталып, 140 мыңнан астам оқушы жазғы демалысқа шыққалы отыр. Өңірдегі 523 мектепте соңғы қоңырау соғылып, 6 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасады. Ал мыңдаған оқушы оқу жылын үздік нәтижемен аяқтап, түрлі олимпиада мен байқауларда облыс намысын қорғады. Бұл туралы Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Биыл облыста 441 оқушы «Алтын белгіге» үміткер атанса, 495 түлек үздік аттестат алуға ниетті. Сонымен қатар, 9-сынып оқушыларының арасында 1052 оқушы үздік аттестатқа үміткер болып отыр.
«Біздің басты мақсатымыз – балаларға сапалы білім беріп қана қоймай, оларды елжанды, білімді әрі жауапкершілігі жоғары азамат ретінде тәрбиелеу. Биылғы оқу жылы оқушыларымыз бен ұстаздарымыз үшін табысты болды», – деді Айнагүл Балташева.
25 мамыр күні облыстың барлық мектептерінде дәстүрлі «Соңғы қоңырау» салтанаты өтеді. Сонымен қатар, «Білім – Отаныма!» атты бірыңғай республикалық сынып сағаттары ұйымдастырылады.
Оқу жылы Ақмола облысының оқушылары үшін жетістіктерге толы болды. Жыл ішінде 3533 оқушы түрлі олимпиада мен байқауларға қатысып, халықаралық, республикалық және облыстық деңгейде 1408 марапатқа ие болған. Оның ішінде 260 алтын, 434 күміс және 714 қола медаль бар.
Өңірде білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Қосшы қаласында 1500 орындық жаңа мектептің құрылысы басталып, өткен оқу жылында облыс бойынша 5 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Көкшетауда аутизмге шалдыққан балаларды қолдауға арналған алғашқы орталық ашылды.
Білім беру ұйымдарын цифрландыруға да басымдық берілуде. Облыстағы барлық мектеп кең жолақты интернетпен қамтылған. Оның ішінде 166 мектеп Starlink жүйесіне қосылған.
Тәрбие жұмыстары аясында «Адал азамат» бағдарламасы бойынша 101 іс-шара өткізіліп, оған 20 мыңға жуық бала қатысты. Ал облыс прокуратурасының бастамасымен құрылған «Жас ұрпақ» қозғалысына бүгінде 7 мыңнан астам оқушы тартылған.
Брифинг соңында Айнагүл Балташева бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін «Соңғы қоңырау» шараларына қатысып, мектеп бітірушілердің қуанышты сәттерін көпшілікпен бөлісуге шақырды.
Ақмола облысында оқу жылы аяқталды: 6 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасты
