Ақкөл ауданындағы тұрғын үй қоры он көпқабатты үймен толығады

Аудан орталығында бюджеттік және коммерциялық тұрғын үйлердің ауқымды құрылысы жүргізілуде. Жаз соңына дейін салымшылар мен әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған 60 және 45 пәтерлі екі көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Тұрғын үй, жол және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақкөл ауданының әкімі Біржан Абдрахманов мәлімдеді.
Тұрғын үй секторын дамыту мақсатында жергілікті билік жеке құрылыс компанияларын тартқан. Қазіргі уақытта Абай, Бигелдинов және Иманов көшелерінде тағы сегіз коммерциялық көпқабатты тұрғын үй салынуда. Салынып жатқан баспаналар аудан бойынша тұрғын үй кезегін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, көпбалалы отбасыларға жер телімдері берілген «Құрылыс» шағынауданында ашық аспан астындағы көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын.
«Біз құрылыс жұмыстарына кешенді түрде қараймыз. Тұрғын үйлермен бірге коммуналдық желілер де толық жаңартылуда. Өткен жылы қалада қуатты «Батыс» блокты-модульді қазандығы іске қосылып, төрт ескі қазандықтың жұмысы тоқтатылды. Соның нәтижесінде мыңға жуық абонент сапалы жылумен қамтылды. Алдағы уақытта тағы үш ескі жылу көзін бірыңғай Орталық қазандыққа біріктіру жоспарланып отыр», – деді спикер.
Тіршілікті қамтамасыз ету саласында да маңызды өзгерістер бар. Жеті негізгі ауылдағы су құбыры желілерін жаңғырту және Ерназар мен Мереке ауылдарында кешенді блок-модульдер орнату нәтижесінде халықты сапалы ауыз сумен қамту деңгейі 100 пайызға жетті.
Жол саласында елді мекендер арасындағы қатынасты жақсартуға басымдық берілген. Қазіргі уақытта ұзындығы шамамен 22 шақырым болатын Новорыбинка ауылына дейінгі жолды орташа жөндеудің екі жылдық жобасы аяқталу кезеңінде. Сонымен қатар, Қына және Наумовка ауылдарына апаратын облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда да ауқымды жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться