Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «100 мың теңге салыңыз – бір айда үш есе табыс табасыз», «тәуекелсіз жоғары кіріс», «жабық инвестициялық клубқа қосылыңыз» деген жарнамалар әлі де жиі кездеседі. Мамандар мұндай ұсыныстардың басым бөлігі қаржы пирамидаларының белгілеріне ие екенін ескертеді.
Қаржы пирамидалары – жаңа қатысушылардың ақшасы есебінен бұрын кіргендерге төлем жасайтын алаяқтық схема. Мұнда нақты инвестиция да, тұрақты бизнес те болмайды. Жаңа салымшылар азайған сәтте жүйе күйреп, ұйымдастырушылар қаражатпен бірге жоғалып кетеді.
Қандай тәсілдер қолданылады?
Бүгінде қаржы пирамидалары әртүрлі атаумен ұсынылады. Олар өздерін «инвестициялық клуб», «қаржылық қауымдастық», «бизнес-жоба» немесе «пассивті табыс көзі» ретінде таныстырады.
Кең таралған схемалардың қатарында:
көп деңгейлі серіктестік жүйелері;
желілік маркетинг түрінде жасырылған жобалар;
Telegram және WhatsApp-тағы жабық чаттар;
инвестиция немесе жеке даму курстары ретінде ұсынылатын «элиталық клубтар».
Барлығына ортақ белгі – табыстың негізгі көзі жаңа адамдарды тарту болып табылады.
Неліктен адамдар сеніп қалады?
Көп жағдайда азаматтар мұндай жобаларға жарнамадан емес, таныстарының немесе туыстарының ұсынысымен қосылады. Ұйымдастырушылар қымбат көліктерді, шетелдік сапарларды, жоғары табыс туралы скриншоттарды көрсетіп, сенім қалыптастырады.
Алғашқы кезеңде кейбір қатысушыларға төлем жасалуы да мүмкін. Бұл жаңа адамдарды тартуға арналған әдіс қана. Нәтижесінде адамдар көбірек қаражат салып, өз жақындарын да осы схемаға шақырады.
Неден сақ болу керек?
Мамандар төмендегі белгілерге назар аударуға кеңес береді:
кепілдендірілген жоғары табыс уәде етіледі;
тәуекел жоқ деп сендіреді;
шешімді тез қабылдауға итермелейді;
жаңа қатысушыларды тартқаны үшін сыйақы береді;
компанияның лицензиясы немесе нақты қызметі туралы ақпарат жоқ;
бизнес-моделі түсініксіз.
Есте ұстаған жөн: инвестиция саласында жоғары табыс әрдайым жоғары тәуекелмен қатар жүреді. Ал тәуекелсіз мол пайда туралы уәде – алаяқтардың ең кең таралған айласы.
Егер күмән туындаса…
Күмәнді жобаға ақша аудармаңыз, жақындарыңызды оған тартпаңыз. Компания туралы ақпаратты, лицензиясын және мемлекеттік органдардың ресми ескертулерін міндетті түрде тексеріңіз.
Қазақстанда қаржы пирамидаларын құруға, басқаруға және жарнамалауға заңмен тыйым салынған. Мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға сақ болуға шақырады. Егер ұсыныс шындыққа жанаспайтындай тиімді көрінсе, оның артында алаяқтық схема тұруы әбден мүмкін.
дереккөз:https://fingramota.kz/kk/post/kepildendirilgen-tabys-zhne-zhyldam-asha-arzhy-piramidalary-alaj-zhmys-istejdi-zhne-adamdar-nege-milliondaryn-zhoaltuyn-zhalastyruda
