Жас мемлекеттік аудитор: мамандықтың сын-қатерлері және кәсіби даму жолдары

 

Қазіргі кезеңде мемлекеттік аудит мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың, заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етудің және бюджет қаражатын ұтымды пайдаланудың маңызды құралдарының біріне айналды. Аудиторлық қызметті дамытуда жаңа біліммен, цифрлық құзыреттермен және кәсіби тұрғыдан жетілуге деген ұмтылыспен келетін жас мамандардың рөлі айрықша. Сонымен қатар олардың кәсіби жолының басталуы үздіксіз білім алуды, аналитикалық ойлауды дамытуды және жоғары жауапкершілікті талап ететін бірқатар сын-қатерлермен ұштасады.
Бүгінде мемлекеттік аудит мемлекеттік ресурстардың пайдаланылуын бақылау тетігі ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудің пәрменді құралы болып табылады.
Осы тұрғыда жас мемлекеттік аудиторларды даярлау мәселесі ерекше маңызға ие. Себебі дәл осы жаңа буын мамандары аудиторлық қызметтің келешектегі дамуына бағыт-бағдар беріп, деректерді талдаудың заманауи технологияларын енгізіп, мемлекеттік аудиттің жаңа тәсілдерін қалыптастыратын болады.
Көптеген жас мамандар үшін еңбек жолының алғашқы жылдары кәсіби қалыптасудың маңызды кезеңі саналады. Мемлекеттік аудит заңнаманы терең білуді ғана емес, құқықтық нормаларды тәжірибеде дұрыс қолдануды, үлкен көлемдегі ақпаратты талдауды, жинақталған аудиторлық дәлелдемелерді объективті бағалауды және негізделген шешімдер қабылдауды талап етеді.
Жас аудитор күн сайын нормативтік құқықтық актілерді, мемлекеттік бағдарламаларды, бюджет заңнамасын және экономиканың түрлі салаларының ерекшеліктерін зерделеу қажеттілігімен бетпе-бет келеді. Сонымен қатар әрбір аудит объектісінің өзіндік ерекшелігі болғандықтан, әрбір аудиторлық іс-шараға жеке тәсіл қолдану талап етіледі.
Бұл мамандықтың басты ерекшеліктерінің бірі – жоғары жауапкершілік. Жүргізілген мемлекеттік аудиттің сапасына басқарушылық шешімдердің тиімділігі, мемлекеттік қаражаттың ұтымды пайдаланылуы және қоғамның мемлекеттік басқару жүйесіне деген сенімі тікелей байланысты.
Жас мемлекеттік аудитор үшін негізгі сын-қатерлердің бірі – заңнаманың үнемі жетілдіріліп отыруы. Мемлекеттік басқару жүйесі қарқынды дамып келеді, қаржыландыру тетіктері жаңартылуда, мемлекеттік ақпараттық жүйелер енгізілуде, мемлекеттік қызметтерді көрсетуге қойылатын талаптар өзгеруде. Сондықтан жас маман өзінің кәсіби білімін үздіксіз жетілдіріп, жаңа талаптарға жедел бейімделе білуі қажет.
Тағы бір маңызды міндет – үлкен көлемдегі деректермен жұмыс істеу. Қазіргі мемлекеттік аудит барған сайын цифрлық талдау құралдарына негізделуде. Мемлекеттік аудитор әртүрлі ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтерді талдап, оларды салыстырып, сәйкессіздіктерді анықтап, ықтимал тәуекелдерді бағалай алуы тиіс.
Сонымен қатар мемлекеттік аудитордың коммуникативтік дағдыларының жоғары деңгейде болуы ерекше маңызға ие. Аудиторлық іс-шараларды жүргізу мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен мекемелердің өкілдерімен тұрақты өзара іс-қимылды талап етеді. Сындарлы диалог жүргізе білу, кәсіби ұстанымын дәлелді түрде қорғай алу және қызметтік әдеп қағидаттарын сақтау – табысты кәсіби қызметтің маңызды шарттарының бірі.
Ақпараттық технологиялардың дамуы аудиторлық қызметтің мазмұнын түбегейлі өзгертуде. Үдерістерді автоматтандыру, талдамалық платформаларды пайдалану және электрондық деректер базаларын қолдану аудит сапасын едәуір арттырып, талдамалық рәсімдерді орындау уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Жас мамандар үшін цифрлық трансформация кәсіби дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Деректерді өңдеудің заманауи құралдарын, электрондық кестелермен жұмыс істеу тәсілдерін, мамандандырылған ақпараттық жүйелерді және ақпаратты визуализациялау құралдарын меңгеру олардың маңызды бәсекелестік артықшылығына айналады.
Тәуекелге бағдарланған тәсіл мен деректерді талдау әдістерін қолдану мемлекеттік аудиторға жекелеген операцияларды іріктеп тексеруден аудит объектісінің қаржы-шаруашылық қызметіне кешенді талдау жүргізуге көшуге мүмкіндік береді.
Жас маманның кәсіби қалыптасуына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі – тәлімгерлік институты. Тәжірибелі әріптестердің кәсіби тәжірибесін жас мамандарға беру олардың қызмет ерекшеліктеріне тез бейімделуіне, аудит жүргізу әдістемесін меңгеруіне және бірыңғай кәсіби стандарттарды қалыптастыруына ықпал етеді.
Тәлімгерлік кәсіби мәдениетті дамытуға, мемлекеттік аудиттің іргелі қағидаттары болып табылатын объективтілік, тәуелсіздік және адалдық қағидаттарын нығайтуға қызмет етеді.
Қазіргі мемлекеттік аудитор үздіксіз білім алуға дайын болуы тиіс. Біліктілікті арттыру, оқыту семинарларына қатысу, сот практикасын зерделеу, деректерді талдаудың жаңа әдістерін және заманауи цифрлық құралдарды меңгеру кәсіби қызметтің ажырамас бөлігіне айналды.
Бүгінде кәсіби құзыреттерді дамыту заңнаманы білумен ғана шектелмейді. Жобаларды басқару, қаржылық талдау, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалау, ақпараттық технологияларды пайдалану және үлкен көлемдегі деректермен жұмыс істеу дағдыларының маңызы жылдан жылға артып келеді.
Үздіксіз кәсіби даму қабілеті жас маманға еңбек нарығында сұранысқа ие білікті маман болып қалыптасуға және цифрлық экономиканың жаңа талаптары жағдайында мемлекеттік аудиттің өзекті міндеттерін тиімді шешуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік аудитор мамандығы жоғары кәсіби даярлықты, зор жауапкершілікті және қызметтік әдептің қатаң сақталуын талап етеді. Жас мамандар үшін еңбек жолының басталуы елеулі сын-қатерлермен қатар жүретіні сөзсіз. Дегенмен дәл осы сын-қатерлер олардың үздіксіз ізденуіне, кәсіби шеберлігін жетілдіруіне және білікті мемлекеттік аудитор ретінде қалыптасуына негіз болады.

*Сәйкестік аудит бөлімінің бас маман-мемлекеттік аудиторы Меренюк Ю. С.*

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться