Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Зеренді ауданының Бәйтерек ауылдық округінде «Мөлдір бұлақ» атты тазалық акциясы ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – табиғи су көздерін қорғау, қоршаған ортаның тазалығын сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарды табиғатты аялауға шақыру болды.
Акцияға Зеренді ауданы әкімінің орынбасары С.Исаханов, Билер алқасының төрағасы С.Баймурзин, Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары З.Қазияқпарова, мемлекеттік қызметкерлер, жастар өкілдері, сондай-ақ ауданның дербес бөлімдерінің қызметкерлері белсенді қатысты.
Қатысушылар бұлақ маңын қоқыстан тазартып, айналасын ретке келтіру жұмыстарын жүргізді. Табиғи су көздерінің маңайын абаттандыру арқылы экологиялық тазалықты сақтауға және туған өлкенің көркеюіне өз үлестерін қосты.
Акция барысында сөз сөйлеген қатысушылар «Таза Қазақстан» бастамасының қоғам үшін маңыздылығына тоқталып, қоршаған ортаны қорғау әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Әсіресе жастардың белсенділігі мен табиғатқа деген жанашырлығы жоғары бағаланды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Таза Қазақстан – бір реттік науқан емес, ол әр азаматтың өмір салтына айналуы тиіс» деп атап өткен болатын. Осы бағыттағы жұмыстар Зеренді ауданында жүйелі түрде жалғасып келеді.
«Мөлдір бұлақ» акциясы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған игі бастамалардың бірі ретінде табиғатқа деген қамқорлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Мұндай шаралар тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттырып қана қоймай, туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға үндейді.
