*Көкшетауда жаңа форматтағы заманауи мектептер мен балабақшалар ашылуда*
Бүгін жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласындағы бірқатар білім беру мекемелерін аралады.
Жаңа «Білім-инновация» лицейінде өңір басшысы мен министр оқу процесімен және оқушылардың тұрмыс жағдайымен танысты. Мұнда білім беру үдерісі жаратылыстану-математикалық бағытта жүргізіледі. Оқушылар робототехника және жасанды интеллект саласындағы жетістіктерін таныстырып, халықаралық байқаулардағы табыстарымен бөлісті. Биылғы оқу жылынан бастап лицей аралас форматқа көшіп, енді мұнда ұлдар мен қыздар бірге білім алуда.
«Аяла» балабақшасы – ерекше білім беруді қажет ететін балаларға ерекше көңіл бөлінетін өңірдегі бірегей мекемелердің бірі. Мұнда балалардың ерте дамуы мен бейімделуіне барлық жағдай жасалған, ал педагогтар оқыту мен тәрбиелеуде жеке тәсілдерді қолданады. Мекемені аралау барысында облыс әкімі балабақша тәрбиеленушілеріне арналған инва-такси сатып алуға қаражат бөлінетінін хабарлады.
Жаңа техникалық лицейде өңір басшысы «Реновация» бағдарламасы аясында мұғалімдерге арналған жаңа пәтерлердің кілттерін табыстады. Алты педагог өз саласына көрсетілген қолдау мен қамқорлық үшін облыс басшылығына алғыс білдірді.
Лицей «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ашылған. Бүгінде мұнда 1500-ден астам оқушы білім алуда. Оқу процесі бір ауысымда ұйымдастырылған, ал екінші ауысымда балалар үйірмелер мен қосымша білім беру секцияларына қатысады. Заманауи мектеп «ақылды» бейнебақылау жүйесімен жабдықталған: мұнда 170 интеллектуалды камера орнатылған, олар тек болып жатқан жағдайды тіркеп қана қоймай, оқушылар мен педагогтардың эмоцияларын да тануға қабілетті.
