Көктем келген сайын елімізде су тасқыны қаупі күшейе түсетіні белгілі. Осыған байланысты Көкшетау қаласы әкімдігі өткен жылғы жағдайларды ескере отырып, алдын алу жұмыстарын күшейтті. Кешенді шараларды қолға алды. Бұл туралы брифинг барысында қала әкімінің орынбасары Ақжол Қылышбаев мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Көкшетау қаласының аумағында Қылшақты мен Қопа көлі орналасқан, ал Красный Яр ауылдық округінен Шағалалы өзені ағып өтеді. Бұл – су тасқыны қаупі жоғары аймақтар. Осы ретте қала әкімдігі инженерлік жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуде.
«Қыс бойы қала көшелерінен 200 мыңнан астам текше метр қар шығарылды. Су басу қаупін азайту мақсатында арық жүйелері, су өткізу каналдары, өзен арналары тазартылды. Сонымен қатар, биыл алғаш рет қысқы сенбілік ұйымдастырылып, 16 000 текше метрден астам қар сыртқа тасымалданды. Қала аумағында 6 км астам су бұру арықтары тереңдетіліп, 6,4 км арық-канал жүйесі қалпына келтірілді. 53 су өткізу құбыры ауыстырылып, нөсерлі кәріз жүйелері ыстық сумен тазартылды» , деді спикер.
Су тасқынын болдырмау үшін Қопа көлі мен Қылшақты өзені құйылатын жерде мұз жару жұмыстары басталып кетті. Бұл өзендегі су деңгейін реттеп, көктемгі су тасқынының алдын алу үшін маңызды қадам.
«Көкшетауда су тасқынына қарсы күреске 62 техника бірлігі, 25 жұмысшы, 17 арнайы техника мен 18 мотопомпа жұмылдырылған. Қосымша 9 мотопомпа сатып алынып, тағы 8-ін алу жоспарлануда. Сондай-ақ, қала қоймаларында 10 000 қап, 20 000 тонна инертті материал, жанармай қоры сақталған. Қауіпті аймақтарға 4 150 қап төселді, 14 мекенжай бойынша су басудың алдын алу жұмыстары жүргізілді»
Қала әкімінің орынбасарының айтуынша, төтенше жағдай орын алған жағдайда «Транспортник» саяжай тұрғындары қауіпсіз аймаққа көшіріледі. Сонымен қатар, мал эвакуациясы мен жем-шөп қорын сақтау жоспары әзірленген.
«Көкшетаудағы су тасқыны кезеңі толық бақылауда. Барлық қауіп-қатер ескеріліп, тиісті шаралар қабылданып жатыр. Тұрғындардан кез келген төтенше жағдай кезінде жедел штабқа хабарласу сұралады», деп қорытындылады ол.
Көкшетауда су тасқынының алдын алу үшін жедел штаб құрылды
