Экономикалық өсім тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға қызмет еткен жағдайда ғана нақты нәтиже береді. Өсіп келе жатқан аудандық бюджеттің әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуге, халықты жұмыспен қамтуға және адами капиталды дамытуға қалай мүмкіндік беріп отырғаны туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Егіндікөл ауданының әкімі Юрий Курушин баяндады.
Аудандағы еңбек нарығында жұмыссыздық деңгейі рекордтық төмен көрсеткішке – 2,4 пайызға дейін төмендеді. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында ондаған ауыл тұрғыны әлеуметтік және жастар тәжірибесі жұмыс орындарына, ақылы қоғамдық жұмыстарға, сондай-ақ «Күміс жас» жобасы бойынша еңбекке орналастырылды. Аудандағы орташа айлық жалақы көлемі 300 мың теңгеден асады.
Денсаулық сақтау мен білім беру салаларында да жүйелі өзгерістер жүзеге асырылуда. Жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қолдауымен аудандық аурухананың педиатрия бөлімшесіне жөндеу жүргізіліп, қан газдарын анықтайтын аппаратты қоса алғанда, мамандандырылған медициналық жабдықтар сатып алынды. Сонымен қатар Спиридоновка және Полтавское ауылдарында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.
Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептердегі жылу жүйелерін, жарықтандыру мен шатырларды ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған. Әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы отбасыларға мектеп формасын сатып алу және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру үшін атаулы көмек көрсетілуде.
Ауданда мәдени және спорттық өмір де қарқынды дамып келеді. Аудан орталығындағы стадионның жарықтандыру жүйесі жаңартылып, ірі облыстық турнирлер өткізілді. Сондай-ақ тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында орталық алаңға үлкен LED-экран орнатылды. Бұдан бөлек, бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуға арналған сметалық құжаттама әзірленді.
«Біздің жұмысымыздың басты мақсаты – халықтың әл-ауқаты мен денсаулығын жақсарту. Бюджет көлемінің артуы ауруханалар мен мектептерді жөндеуге, ана мен баланы қолдауға бұрын-соңды болмаған көлемде қаражат бөлуге мүмкіндік беріп отыр. Әрбір тұрғын үшін тең мүмкіндіктер мен қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру – біздің өзгермейтін мақсатымыз», – деп қорытындылады Юрий Курушин.
