Астанада өтіп жатқан BaiQymyz–2026 ауқымды гастрономиялық фестивалі аясында тұрғындар мен қала қонақтарына арналған «Заң мен тәртіп» ақпараттық-түсіндіру акциясы ұйымдастырылды. Іс-шара құқықтық сауаттылықты арттыруға, құқық бұзушылықтардың және есірткі қылмысының алдын алуға бағытталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Акцияға Астана қаласының прокуратурасы, Полиция департаментінің өкілдері, еріктілер, сондай-ақ көпшілікке таныс Тәртіпбек пен Тазабек маскоттары қатысты. Олар фестиваль қонақтарымен кездесіп, заң талаптарын сақтаудың маңызын түсіндіріп, ақпараттық буклеттер мен жадынамалар таратты.
Іс-шара барысында есірткінің зияны мен оның заңсыз айналымының алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Еріктілер тұрғындарға есірткінің қауіптілігі туралы айтып, оған қарсы іс-қимыл жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде заманауи технологиялардың мүмкіндігін көрсететін робот-ит таныстырылып, келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бөлімінің бастығы Әлия Қибатқызының айтуынша, мұндай акциялар халыққа маңызды профилактикалық ақпаратты қарапайым әрі түсінікті түрде жеткізуге мүмкіндік береді.
Акцияның тағы бір ерекшелігі – ашық микрофон алаңы. Мұнда келушілер құқықтық нормалар, қоғамдық тәртіп, есірткінің зияны және басқа да мәселелер бойынша өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар құқықтық мәдениетті нығайтуға, қауіпсіздік мәселесіне жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға және мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара байланысты дамытуға ықпал етеді.
Астанада «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясындағы іс-шаралар қала прокуратурасының үйлестіруімен мемлекеттік органдардың, еріктілер мен елорда тұрғындарының белсенді қатысуымен өткізіліп келеді.
#законипорядок #заңментәртіп
