Қазақстан қатарынан екінші жыл Өзбекстан нарығына өсімдік майларын жеткізетін ең ірі экспорттаушы ел болып қалып отыр.
2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы мамырға дейін Қазақстанның май өңдеу өнімдерінің Өзбекстанға экспорты 553 мың тоннаға жетті. Бұл өткен маркетингтік жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 130,8 мың тоннаға немесе 31%-ға артық.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Өзбекстандағы өсімдік майлары нарығындағы үлесі 90%-дан асты. Соңғы бес маусым бойы жеткізілім көлемі тұрақты түрде өсіп келеді.
Сонымен қатар, май өңдеу саласы өнімдерінің жалпы экспорт көлемі де артып отыр. Маркетингтік жылдың тоғыз айында Қазақстан шетелге өсімдік майын, күнжара мен шротты 944 млн АҚШ долларына экспорттады.
Экспорттан түскен табыс 2024/2025 маркетингтік жылының қыркүйек-мамыр кезеңімен салыстырғанда 331 млн АҚШ долларына немесе 54%-ға өсті. Болжам бойынша, ағымдағы маркетингтік жылдың соңына қарай өсімдік майы, күнжара және шрот экспортының көлемі 1,15 млрд АҚШ долларынан асады.
Сыртқы нарыққа жеткізілімнің артуы отандық қайта өңдеу саласының дамуының нәтижесінде қамтамасыз етілуде. Қазіргі уақытта Қазақстандағы майлы дақылдарды өңдеу қуаты жылына 5,2 млн тоннадан асады, оның ішінде 4,4 млн тоннасы күнбағыс тұқымын өңдеуге тиесілі. Бұл Өзбекстандағы жалпы өңдеу қуатынан 700 мың тоннаға артық.
Жаңа кәсіпорындарды салу және іске қосу есебінен 2028 жылға қарай Қазақстанның май өңдеу саласының өндірістік қуатын жылына 8 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Қазақстанның май өңдеу өнімдері әлемнің 20-дан астам еліне экспортталады. Сонымен қатар, еліміз Орталық Азия мемлекеттерінің күнбағыс шротына деген қажеттілігін толық қамтамасыз етіп, күнбағыс майын экспорттау бойынша әлемде алтыншы орында тұр. Алдағы уақытта сала әлемдегі ең ірі үш экспорттаушының қатарына еніп, экспорттық түсімді 2 млрд АҚШ долларына дейін жеткізуді көздеп отыр.
