Бүгінде қаржылық пирамида бұрынғыдай бірден байқалмайды. Ол өзін инвестициялық компания, криптожоба, халықаралық бизнес немесе онлайн табыс платформасы ретінде таныстыруы мүмкін. Әдемі сайт, жеке кабинет, кеңсе, презентациялар мен жоғары табыс туралы уәделер сенімділік әсерін қалыптастырады. Алайда мұның бәрі жобаның заңды әрі сенімді екенін білдірмейді.
86 мыңнан астам азамат қаржылық пирамидаларға тартылған
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) деректеріне сәйкес, 2025 жылдың басынан бері 36 қаржылық пирамида жойылып, оларға 86 мыңнан астам азамат тартылған.
Осы кезеңде 19 қаржылық пирамидаға қатысты 46 сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталған. Мүлікке тыйым салуды ескере отырып, 12,5 млрд теңге залалдың орны толтырылды.
Сондай-ақ ҚМА жалған инвестициялық жобалар туралы ақпарат таратқан 7 мыңнан астам интернет-сайтты бұғаттап, Instagram және Telegram желілеріндегі жалпы аудиториясы 276 мың адамды құрайтын 43 құқыққа қарсы чатты жапқан.
Қаржылық пирамида қалай жұмыс істейді?
Пирамиданың негізгі ерекшелігі — қатысушыларға төлемдер нақты экономикалық немесе инвестициялық қызметтен түсетін тұрақты табыстан емес, көбіне жаңа қатысушылардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Жаңа салымшылар ақша салып тұрған кезде жүйе жұмыс істеп тұрғандай көрінеді. Ал жаңа адамдардың келуі тоқтаған кезде төлемдер де тоқтап, қаржылық қиындықтар басталады.
Қандай белгілерге назар аудару керек?
Ақшаңызды жобаға салмас бұрын мына сұрақтарға жауап беріңіз:
Кіріс қайдан келеді?
Егер компания пайда көзін нақты түсіндіре алмаса немесе кіріс негізінен жаңа қатысушылардың ақшасына байланысты болса, бұл — маңызды қауіп белгісі.
Неге соншалықты жоғары табыс уәде етіледі?
Қысқа мерзімде жоғары пайда және «тәуекел жоқ» деген уәде күмән тудыруы тиіс.
Жаңа адамдарды тартқаны үшін сыйақы беріле ме?
Егер табыс мөлшері басқа адамдарды жобаға тартуға және олардың салымдарына тікелей байланысты болса, бұл пирамидалық модельдің негізгі белгілерінің бірі.
Ақшаны кімге аударып жатырсыз?
Заңды тұлғаны, құжаттарды және қажетті лицензиялардың бар-жоғын тексеріңіз. Ақшаны жеке тұлғаның банк картасына немесе жеке криптоәмиянына аударуды ұсынса, ерекше сақ болған жөн.
Жоба жаңа қатысушыларсыз жұмыс істей ала ма?
Егер жүйе тұрақты түрде жаңа ақша түсіп тұрғанда ғана міндеттемелерін орындаса, оның бизнес-моделіне күмән келтіруге негіз бар.
Сіз нақты не сатып алып немесе қаржыландырып жатырсыз?
Ұсынылып отырған өнімді, активті немесе қызметті, сондай-ақ салған ақшаңызды қалай қайтаратыныңызды нақты түсіну қажет.
Жеке кабинеттегі «табысқа» сене бермеңіз
Кейбір жобалар қатысушыға онлайн-платформадағы жеке кабинет арқылы күн сайын өсіп жатқан баланс пен кірісті көрсетеді.
Алайда экрандағы цифр нақты активтердің, инвестициялық операциялардың немесе нақты пайданың бар екенін білдірмейді.
Сондықтан жобаға ақша салмас бұрын қаражаттың нақты қайда жұмсалатынын және табыстың қандай қызметтен қалыптасатынын анықтау қажет.
Кеңсе мен алғашқы төлемдер қауіпсіздік кепілі емес
Қаржылық пирамидалар сенімділік қалыптастыру үшін заманауи сайттар, кеңселер, презентациялар, әлеуметтік желілер, оң пікірлер және табысты қатысушылардың мысалдарын пайдалана алады.
Тіпті алғашқы төлемдерді алу да жобаның заңды әрі тұрақты екенін дәлелдемейді. Пирамидалық жүйеде алғашқы қатысушыларға төлем кейін қосылған адамдардың қаражаты есебінен жасалуы мүмкін.
Сондықтан сыртқы көрініске емес, ақшаның нақты қайдан келіп, қайда жұмсалатынына назар аудару маңызды.
Ақша аудармас бұрын жобаны тексеріңіз
ҚМА ресми интернет-ресурсында қаржылық пирамида белгілері бар жобалар туралы ақпарат жариялайды. Сонымен қатар күдікті жобаларды тексеру үшін ҚМА-ның «Baiqa, piramida!» Telegram-ботын пайдалануға болады.
Бірақ жобаның бұл тізімде болмауы оның автоматты түрде сенімді екенін білдірмейді. Компанияның қызметін, құжаттарын, лицензиясын және табыс көзін өзіңіз де тексеру қажет.
Ең бастысы — ақшаңыздың қайдан көбейетінін түсіну
Қаржылық пирамида кез келген сипатта болуы мүмкін: инвестициялық қор, халықаралық жоба, криптоплатформа немесе онлайн-бизнес.
Сондықтан ақша салмас бұрын ең алдымен бір сұраққа жауап іздеңіз:
«Маған табыс нақты не есебінен төленеді?»
Егер бұл сұраққа нақты әрі түсінікті жауап болмаса, күмәнді ұсыныстан бас тартқан дұрыс.
Дереккөз: Fingramota.kz
