Ақмола облысында жыл басынан бері 400-ден астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелді

 

Бүгінде интернет-алаяқтық облыстағы ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Алаяқтардың кең таралған тәсілдері, олардың алдын алу шаралары және цифрлық қауіпсіздік ережелері туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Бекзат Назарова баяндады.

Жыл басынан бері өңірде интернет-алаяқтықтың 412 фактісі тіркелген. Спикердің айтуынша, интернет-алаяқтықпен күрес құқық қорғау органдарының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Себебі бұл қылмыс түрі Қазақстан Республикасы Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында.

Осы жылдың басынан бері құқық қорғау органдары 114 қылмыстық істі аяқтап, 129 дропперді ұстады. Дропперлер – алаяқтарға ұрланған қаражатты аудару үшін өздерінің банк карталары мен шоттарын пайдалануға беретін адамдар. Кейін бұл қаражат халықаралық ақша аудару сервистері арқылы шығарылып немесе криптовалютаға айырбасталады. Бұл өз кезегінде мұндай қылмыстарды тергеуді айтарлықтай қиындатады.

Полиция мәліметінше, интернет-алаяқтардың құрбаны түрлі сала өкілдері болып отыр. Жыл басынан бері 20 мемлекеттік қызметші, 15 білім саласының қызметкері, 10 медицина қызметкері, 5 өнеркәсіп кәсіпорнының қызметкері, 70 қызмет көрсету саласының маманы, 80 ЖШС мен АҚ қызметкері, сондай-ақ 55 жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат зардап шеккен.

Ең жиі кездесетін алаяқтық тәсілдерінің қатарында танымал интернет-платформаларда жалған хабарландырулар жариялау, банк қызметкері, құқық қорғау органдарының өкілі, Қазпошта, байланыс операторлары, коммуналдық қызметтер, емханалар, салық органдары мен ХҚКО қызметкерлерінің атынан қоңырау шалу бар. Сонымен қатар, алаяқтар жалған инвестициялық жобаларға ақша салуды ұсынып, мессенджерлердегі аккаунттарға қол жеткізеді немесе туыс-туғандары мен таныстарының атынан хабарласып, ақша аударуды сұрайды.

«Қылмыстың бұл санаты бойынша ашылу деңгейінің төмен болуының негізгі себебі – олардың басым бөлігінің трансшекаралық сипатта болуы. Көп жағдайда алаяқтар басқа өңірде немесе тіпті шетелде орналасады», – деді Бекзат Назарова.

Осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері еңбек ұжымдарында, оқу орындарында және жоғары сынып оқушыларымен профилактикалық кездесулер өткізуде. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында дропперлік үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік түсіндіріліп, арнайы деректі фильм көрсетіледі.

Өңірде кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру науқаны жалғасуда. Әлеуметтік желілерде цифрлық қауіпсіздік туралы 900-ден астам бейнеролик жарияланған. Қоғамдық орындарда 46 полиция макеті мен 26 билборд орнатылған. Сондай-ақ Көкшетау қаласындағы 20 LED-экранда және қоғамдық автобустарда күн сайын профилактикалық бейнероликтер көрсетілуде.

Облыс тұрғындарына цифрлық гигиена қағидаларын сақтау ұсынылады: бөтен адамдарға SMS арқылы келген растау кодтарын, банк картасының CVV-кодын және құпиясөздерін айтпау; сайттар мен мобильді қосымшалардың түпнұсқалығын мұқият тексеру; күмәнді сілтемелерге өтпеу; құжаттардың фотосуреттерін мессенджерлер арқылы жібермеу; егер әңгімелесуші асықтырып, психологиялық қысым көрсетсе, міндетті түрде ақпараттың дұрыстығын қайта тексеру қажет.

Сонымен қатар, полиция қызметкерлері eGov Mobile қосымшасы арқылы банктік және микроқарыздарды рәсімдеуден ерікті түрде бас тарту қызметін пайдалануға кеңес береді. Спикердің айтуынша, бұл мүмкіндік алаяқтардың азаматтың атына заңсыз несие рәсімдеу қаупін едәуір төмендетеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться