Ақмола облысында «Таза Қазақстан» аясындағы ауқымды экологиялық жұмыс жалғасуда

 

Өңірде абаттандыру, көгалдандыру және аумақтарды тазарту бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Кезекті ауқымды кезең Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасына және халықаралық World Cleanup Day — Дүниежүзілік тазалық күніне орай ұйымдастырылған экологиялық акция болды. Оған өңірдің 40 мыңға жуық тұрғыны — белсенділер, волонтерлер, мектеп оқушылары және қоршаған ортаға бейжай қарамайтын азаматтар қатысты.

Акция алаңдарының бірі Ақкөл қаласының саябағы болды. Мұнда экологиялық бастамаға қатысушылармен бірге Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ағаш отырғызды.

«Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы табиғатқа деген құрметтің айқын көрінісіне және жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастырудың белгісіне айналды. Қоршаған ортаға қамқорлық жасау — әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз. Бүгін ағаш отырғыза отырып, біз туған өлкемізді абаттандырып қана қоймай, болашақ ұрпаққа мұра қалыптастырамыз. Мұндай бастамалардың тұрғындарды біріктіріп, жастардың табиғатқа ұқыпты қарауын қалыптастыруы маңызды», — деді Марат Ахметжанов.

Бұл күні облыстың барлық аудандары мен қалаларында экологиялық іс-шаралар өтті. Тұрғындар аумақтарды тазалап, саябақтар мен қоғамдық орындарды ретке келтіріп, аулалар мен көшелерді абаттандырды. Көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінді — акцияға қатысушылар қарағай, шырша, терек, қайың, үйеңкі, балқарағай және түрлі бұталардың 4,6 мыңнан астам көшетін отырғызды.

Көптеген қатысушылар үшін акция таныс аумақтарды ретке келтіру мүмкіндігі ғана емес, ортақ іске өз үлесін қосу тәсіліне айналды. Волонтер Жолбарыс Қыпшақпай экологиялық мәдениет ең алдымен жеке жауапкершіліктен басталатынын атап өтті.

«Бізді «Таза Қазақстан» акциясы біріктірді. Қоршаған ортаның тазалығына қамқорлық жасау жай ғана міндет емес, әр адамның әдетіне айналуы керек. Мен үшін «Таза Қазақстан» — ең алдымен Отанға деген сүйіспеншілік, жауапкершілік және айналадағы әлемді жақсартуға деген шынайы ниет», — деді волонтер.

Бұл ретте өңірдегі экологиялық жұмыс жекелеген акциялармен шектелмейді. Көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі. Тек биылдың өзінде 2,8 мың гектар аумаққа шамамен 16 млн ағаш отырғызылды.

Соңғы жылдардағы көрсеткіштер бұдан да ауқымды. 2021-2025 жылдар аралығында Ақмола облысында 11 мың гектар аумаққа 74 млн көшет отырғызылды. Бұл көрсеткіштер көгалдандыру жұмыстарының біртіндеп өңірдің қоршаған ортасына салынатын ұзақ мерзімді инвестицияға айналып келе жатқанын көрсетеді.

Бүгінде «Таза Қазақстан» облыс тұрғындарын қарапайым, бірақ маңызды міндеттердің айналасына біріктіруде — көшелер мен қоғамдық аумақтардың тазалығын сақтау, табиғатқа қамқорлық жасау, қалалар мен ауылдарды көгалдандыру. Ал мұндай бастамаларға мектеп оқушыларының, жастардың, волонтерлердің және әртүрлі жастағы тұрғындардың қатысуы экологиялық мәдениетті бір реттік науқан ретінде емес, күнделікті өмір салтының бір бөлігі ретінде қалыптастыруға ықпал етеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться