Ақмола облысында АИТВ-мен өмір сүретін науқастардың 90 пайыздан астамы қоғам үшін қауіпсіз

 

Бүгінде АИТВ диагнозы үкім емес. Ол ұзақ әрі сапалы өмір сүруге болатын созылмалы аурулар қатарына енді. Ең бастысы — емді уақытылы бастау. Өңірде мұндай ем әр адамға қолжетімді. «Ем — алдын алу құралы» қағидаты қалай жұмыс істейтіні және неге бүгінде АИТВ-мен өмір сүретін адамдар қоғамға қауіп төндірмейтіні туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының бас дәрігері Нұрлан Ахильбеков пен бөлім меңгерушісі Сандуғаш Бұрмағанова айтып берді.

Қазіргі таңда облыста АИТВ мәртебесі бар шамамен 1,2 мың адам тұрады. Олардың басым бөлігі мемлекет тарапынан тегін медициналық көмек алады. Заманауи дәрі-дәрмектердің арқасында адамның қанындағы вирус мөлшері соншалықты төмендейді, тіпті оны арнайы тесттердің өзі анықтай алмайды. Медицинада бұл «А=А» қағидаты деп аталады: егер вирус анықталмаса, ол басқа адамға жұқпайды деген сөз. Бүгінде өңірде терапия қабылдап жүрген науқастардың 90 пайыздан астамы осындай нәтижеге қол жеткізген.

«Егер вирустық жүктеме анықталмайтын деңгейде сақталса, АИТВ жыныстық жолмен берілмейді — бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген факт. Бүгінде ем-дом толықтай мемлекет есебінен жүргізіледі, ал әр пациентпен дәрігерлер мен психологтардан құралған мамандар тобы жұмыс істейді», — деді Нұрлан Ахильбеков.

Дегенмен мамандар нәтижеге жету адамның өз жауапкершілігіне де байланысты екенін атап өтті. Дәрі-дәрмекті күн сайын, белгіленген уақытында қабылдау қажет. Егер ем үзілсе, вирус қайта белсенді күйге өтуі мүмкін. Сондықтан орталықта медициналық көмектен бөлек, пациенттердің психологиялық жағдайына да ерекше көңіл бөлінеді.

«“А=А” қағидаты дәрігер кеңестерін қатаң сақтаған жағдайда ғана тиімді болады. Егер адам дәрілерді қабылдауды тоқтатса, қауіп қайта туындайды. Біздің міндет — тек дәрі беріп қана қою емес, адамның емге бейімделуіне көмектесу. Сонда ол ондаған жыл бойы қалыпты өмір сүре алады», — деді Сандуғаш Бұрмағанова.

Қазіргі уақытта облыста АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың жұмыс істеуіне, отбасы құрып, дені сау бала дүниеге әкелуіне барлық жағдай жасалған. Мамандар жағдайды бақылауда ұстау үшін АИТВ-ға тест тапсырудан қорықпау қажет екенін еске салады. Ем неғұрлым ерте басталса, вирус науқастың өзі мен жақындары үшін соғұрлым қауіпсіз болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться