Ақмола облысында кене белсенділігі басталғалы медициналық көмекке жүгінген тұрғындар саны өткен жылмен салыстырғанда артқан. Бұл туралы Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Серік Омарханов брифинг барысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, биыл көктемнің ерте келуі мен қардың жылдам еруі кенелердің белсенділігін күшейткен. Соның салдарынан кене шаққан адамдар саны да көбейген.
Жыл басынан бері облыста 800-ге жуық адамды кене шаққан. Оның 200-ге жуығы – балалар. Барлық тұрғындарға дер кезінде медициналық көмек көрсетілген, ал басым бөлігіне аурудың алдын алу мақсатында иммуноглобулин егілген.
«Кене шаққан жағдайда уақытты жоғалтпай, алғашқы 72 сағат ішінде медициналық ұйымға жүгіну өте маңызды. Осы уақытта жүргізілген шұғыл профилактика аурудың алдын алуға мүмкіндік береді. Сондықтан тұрғындардың дер кезінде дәрігерге қаралғаны өте маңызды», – деді Серік Омарханов.
Эпидемиологиялық маусым басталғалы облыста кене энцефалитінің алты жағдайы, ал кене боррелиозының екі жағдайы зертханалық түрде расталған. Кене шағу деректері облыстың барлық аумағында тіркелгенімен, ең көп жағдайлар Бурабай ауданында, Көкшетау қаласында және Сандықтау ауданында кездеседі.
Сандықтау ауданы кене энцефалиті бойынша эндемиялық аумақ болып саналады. Осыған байланысты мұнда жыл сайын адамдар көп баратын демалыс орындары кенеге қарсы арнайы өңдеуден өтеді. Биыл көктемгі кезеңдегі дезинсекциялық жұмыстар толық жүргізілген.
Сонымен қатар табиғи ошақтарда еңбек ететін орман шаруашылығы қызметкерлері, малшылар, механизаторлар және басқа да мамандарға кене энцефалитіне қарсы вакцина салынады. Биыл екпе алуға жататын азаматтардың басым бөлігі вакцина қабылдаған.
Кене шаққаннан кейін алынған жәндіктер зертханаларда тегін тексеріледі. Биыл 300-ден астам кене зерттеліп, олардың ешқайсысынан кене энцефалиті вирусы анықталмаған. Өңірдегі медициналық ұйымдарда шұғыл профилактика жүргізуге арналған иммуноглобулин қоры жеткілікті.
Брифинг барысында Серік Омарханов кенелердің тек кене энцефалитін ғана емес, туляремия сияқты басқа да жұқпалы ауруларды таратуы мүмкін екенін айтты. Биыл облыста туляремияның бір жағдайы тіркеліп, науқастың кене шаққаны анықталған.
«Кенеден қорғанудың ең тиімді жолы – қарапайым сақтық шараларын сақтау. Табиғатқа шыққанда жабық киім киіп, репеллент қолдану, серуеннен кейін денені мұқият тексеру және кене шаққан жағдайда өздігінен емделмей, бірден дәрігерге қаралу қажет», – деді бас мемлекеттік санитариялық дәрігер.
Мамандар табиғат аясында демалғанда қауіпсіздік ережелерін сақтауға, ал эндемиялық аумақтарда жұмыс істейтін азаматтарға профилактикалық вакцина алуға кеңес береді. Бұл кене арқылы таралатын қауіпті инфекциялардың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі.
