«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында «Таза Қазақстан» шеңберінде қоғамдық тәртіпті, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және табиғат қорғау заңнамасын сақтауға бағытталған мемлекеттік инспекторлар мен полиция қызметкерлерінің бірлескен рейдтік іс-шаралары жалғасуда.
Өткен демалыс күндері ғана полицейлер 70-тен астам құқық бұзушылықтың жолын кесті. Олардың қатарында-жол қозғалысы ережелерін бұзу, сондай-ақ табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын сақтамау фактілері бар.
Бірлескен рейдтердің қорытындысы бойынша МҰТП инспекторлары 10 бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Атап айтқанда, сегіз адам-жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардан орман алқабына көлік құралымен кіргені үшін. Тағы бір азамат туристік қызметті рұқсат құжаттарынсыз жүзеге асырғаны үшін, біреуі орманды ластағаны үшін жауапқа тартылды.
Мамандар еске салады, жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардан тыс көліктердің қозғалысы ұлттық саябақтың бірегей экожүйесіне зиян келтіреді, жер жамылғысын зақымдайды және өсімдіктерді жояды. Саябақ аумағында туристік қызметті жүзеге асыру үшін белгіленген тәртіппен «Бурабай» МҰТП-мен шарт жасасу және әрбір туристік рейске маршруттық парақтарды ресімдеу қажет.
Бірлескен рейдтер ең көп баратын туристік орындарда тұрақты негізде жүргізіледі. Олардың басты міндеті — бұзушылықтарды анықтау ғана емес, сонымен қатар құқық бұзушылықтардың алдын алу, Бурабайдың табиғи мұрасын сақтау және демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Полиция мен «Бурабай» МҰТП әкімшілігі өңірдің тұрғындары мен қонақтарын заңнама талаптарын сақтауға, табиғатқа ұқыпты қарауға және есте сақтауға шақырады: әрбір бұзушылық сөзсіз жауапкершілікке әкеп соғады, ал Бурабайдың бірегей табиғатын сақтау әрбір келушіге байланысты.
