Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне тұтынушыдан сыйлық сертификаты үшін ақшаны қайтарудан бас тарту фактісі туралы өтініш түсті.
Өтініш иесінің айтуынша, сертификатты сатып алғаннан кейін сатушылар оны қайтарудан бірнеше рет бас тартып, әртүрлі себептерге сілтеме жасаған. Соның ішінде сертификатты қайтару мүмкін еместігі және шешім қабылдайтын әкімшінің жоқтығы айтылған. Қайта барған кезде тұтынушыға қайтаруды жүзеге асыру үшін дүкен шотында қаражат жоқ екені хабарланған.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде мәселе сотқа дейінгі тәртіпте шешіліп, тұтынушыға 30 000 теңге көлемінде қаражат қайтарылды.
Ішкі сауда ережелеріне сәйкес, сыйлық сертификаты – бұл тұтынушының болашақта алынатын тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем жасағанын растайтын құжат (соның ішінде электрондық түрде). Сыйлық сертификаты ақшалай төлемнің растамасы болғандықтан, сатушы мен тұтынушы арасында міндеттемелік құқықтық қатынастар туындайды.
Осыған байланысты, сертификатты пайдалану немесе алдын ала төленген ақшаны қайтару талаптары Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 178-бабында белгіленген жалпы талап қою мерзімі аясында қойылуы мүмкін, ол үш жылды құрайды.
Сонымен қатар, сыйлық сертификатын пайдалану шарттары «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабына сәйкес тұтынушыға алдын ала жеткізілуі тиіс. Кәсіпкерлік субъектілері заңда көрсетілмеген шектеулерді, соның ішінде сыйлық сертификатын қайтаруға толықтай тыйым салуды белгілесе, бұл тұтынушылардың құқықтарын бұзу болып есептеледі.
Департамент тұтынушыларға даулы жағдайларда алдымен сатушыға сотқа дейінгі талап хат (наразылық) жіберуге кеңес береді. Егер талаптар орындалмаса, тұтынушы уәкілетті органға немесе сотқа жүгінуге құқылы.
Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша жұмысын жалғастыруда.
