Өңірде бір апта ішінде ЖРВИ жұқтырғандар саны екі есеге жуық өсті

Ақмола облысында бір апта ішінде жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмаудың шамамен 10 мың жағдайы тіркелді. Бұл — алдыңғы аптамен салыстырғанда екі есеге жуық көп. Ең көп сырқаттанушылар мектеп оқушылары, ал инфекцияны ең ауыр өткеріп жатқан созылмалы аурулары бар бүлдіршіндер, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Мамандардың айтуынша, биылғы маусымда Гонконг штаммы – H3N2 белсенді түрде таралуда.

«Бұл тұмау өте тез басталады: жоғары температура, дене сырқырауы, бас ауруы, жарыққа сезімталдық пайда болады. Қызу бірнеше күнге дейін сақталуы мүмкін, ал балаларға дер кезінде медициналық көмек қажет. Қазақстан бойынша H3N2 штаммының шамамен алты жүз жағдайы расталды», – деді көпсалалы балалар ауруханасының инфекционист-дәрігері Виктория Пичкунова.

Оның айтуынша, аурушаңдықтың күрт артуына халықтың жоғары мобильдігі мен жаппай іс-шаралар себеп болған.

«Көкшетауда жаңа сауда орталығы ашылғаннан кейін шағымданушылардың саны айтарлықтай көбейді. Біз стационарда балаларды қабылдауды жалғастырып жатырмыз, бос орындар бар», – деп қосты дәрігер.

Дәрігерлер тұрғындарға алдын алу шараларын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді: медициналық мекемелерде маска тағу, бөлмелерді желдету, тұрақты дезинфекция жүргізу, сондай-ақ кейбір сыныптарды жоғары сырқаттанушылық кезінде қашықтан оқыту форматына көшіру ұсынылады.

Облыста тұмауға қарсы 83 мыңнан астам адам егілген. Олардың қатарында балалар, ересектер және жүкті әйелдер бар.

«Иммундау – тұмаудың алдын алудың маңызды бөлігі. Соңғы бір айда өңірде 83 мыңнан астам азамат вакцина алды. Биылғы эпидмаусымда қолданылып жатқан “Гриппол плюс” вакцинасы H1N1, H3N2 және В типті вирус штаммдарын қамтиды. Препараттың тиімділігі 99%-ға дейін жетеді. Халыққа вакцина алуды кейінге қалдырмауды ұсынамыз: дәл қазір, сырқаттанушылық өршіп тұрған кезде, екпе аурудың ауыр өту қаупін төмендетіп, асқынулардың алдын алады», – деп атап өтті облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Серік Омарханов.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться