Қай заманда да адам баласы өмірдің мәнін, ақиқат жолын іздеген. Жүрекке иман ұялататын, сананы нұрландыратын сол бір ізденістің бірі – дінді тану, рухани білім алу. Алайда дін жолы – нәзік жол, ал білім – тереңдік пен байыптылықты талап ететін күрделі әлем. Сондықтан бұл жолда әрбір қадам – салмақты, әрбір таңдау – саналы болуы керек.
Қазіргі қоғамда жастардың діни білімге деген қызығушылығы артып келеді. Бұл – олардың рухани ізденіске бет бұрып, имандылыққа ұмтылуының көрінісі. Дегенмен, бұл бағыттағы таңдаудың маңызы ерекше. Себебі дін де, білім де – жүйе мен тәртіпке негізделген қасиетті салалар. Оларды кездейсоқтықпен таңдауға болмайды.
Соңғы жылдары кейбір жастарымыз діни білім іздеп, шетелге – Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия, Солтүстік Африка елдеріндегі белгісіз діни оқу орындарына барып жатқаны байқалуда. Өкінішке қарай, бұл оқу орындарының барлығы бірдей сенімді, заңды немесе қауіпсіз емес.
Көп жағдайда олар жергілікті билік тарапынан тіркелмеген, оқыту бағдарламасы радикалды идеологияны насихаттауға бейім келеді. Мұндай бақылаусыз, бейресми оқу орындарынан алған білім жастардың ой-санасына кері әсерін тигізіп, психологиялық тұрақтылығын бұзуы мүмкін. Бұл жастар отбасынан, қоғамнан оқшауланып, тіпті заңға қайшы әрекеттерге баруы ықтимал. Діни радикализм мен экстремизмнің таралуы – көбінесе осындай білім ошақтарынан басталады. Сондықтан бұл – ата-аналар мен жастар үшін аса маңызды ескерту.
Осындай қауіп-қатерлерден сақтану үшін ең алдымен, жастар еліміздегі ресми, лицензияланған діни білім беру мекемелерін таңдауы керек. Қазіргі таңда Қазақстанда халықаралық деңгейде мойындалған оқу орындары жұмыс істейді. Солардың бірі – Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті.
Аталған университетте исламтану, дінтану, араб тілі сияқты мамандықтар бойынша кәсіби білім беріледі. Мұнда отандық және шетелдік білікті ғалымдар дәріс оқиды, оқу бағдарламасы ҚР Білім және ғылым министрлігімен бекітілген.
Сонымен қатар еліміздің барлық өңірлерінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты медресе-колледждер мен мешіт жанындағы сауат ашу курстары жұмыс істейді. Биыл Ақмола облысында да бірқатар жаңа діни білім беру мекемелері ашылып, исламтану, Құран оқу, араб тілі пәндері оқытылуда. Мұндай оқу орындары заң аясында жұмыс істеп, жастарды дәстүрлі рухани және ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелейді.
Қазақстан – зайырлы мемлекет. Дегенмен, әрбір азаматтың дін ұстану еркіндігі Конституцияменкепілдендірілген. Бұл бостандық – тәртіппен, заңмен және ұлттық қауіпсіздік талаптарымен үндесуі тиіс.
Мемлекет тарапынан діни білім алуға барлық жағдай жасалып отыр. Ендеше, жастар мен олардың ата-аналары дұрыс әрі сенімді бағытты таңдап, еліміздегі мүмкіндіктерді бағалауы қажет.
Бұл мәселеге ел басшылығы мен діни жетекшілер де ерекше көңіл аударып келеді.Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев:«Жастарымыздың діни білім алуына барлық жағдай жасалуы керек. Бірақ оларды теріс ағымдардан қорғау үшін тек ресми, лицензияланған оқу орындарына бару керек»,- десе, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасыНаурызбай қажы Тағанұлы: «Жастарымызды жат ағымдардан сақтандыру үшін діни білім мен тәрбие беру маңызды. Бұл бағытта медресе-колледждер мен мешіт жанындағы сауат ашу курстарының рөлі зор»,- деген болатын.
Қорыта айтқанда, діни білім – рухани тереңдіктің, жауапкершілік пен парасаттың жолы. Бұл жолда жасалған саналы таңдау – болашақтың кепілі.
Дін – жүрек ісі болса, білім – ақыл ісі. Ал осы екеуін ұштастыра білген адам өмірде адаспайды.
А.Нургалиева,
Ақмола облысы Дін істері басқармасы
«Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығы»
КММ маманы