Целиноград ауданының Қызылсуат ауылының тұрғындары табиғи газға қол жеткізді. Елді мекенді газға қосу Ақмола облысындағы газ инфрақұрылымын кеңейтудің кезекті кезеңі болды. Ауыл тұрғындарын облыс әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов құттықтады.
Елді мекендерді газдандыру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүргізілуде. Президент табиғи газ желілерін дамытуды жеделдетіп, халықты табиғи газбен қамту деңгейін 80%-ға дейін жеткізу міндетін қойды. Целиноград ауданында бұл жұмыс кезең-кезеңімен жалғасуда. Қызылсуатты қоса алғанда, бүгінде аудандағы тоғыз елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етілді.
Бірінші кезек аясында Қызылсуат ауылында 32 шақырым газ құбыры тартылып, бір блокты және төрт шкафтық газ реттеу пункті орнатылды. Жоба бойынша желілердің жалпы ұзындығы 65,5 шақырымды құрайды. Жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған екінші кезек іске асырылғаннан кейін 600 абонент табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болады.
«Бұл — Мемлекет басшысы айқындаған елді мекендерді газдандыру бағдарламасын ауданда іске асырудың кезекті нәтижесі. Бүгін Қызылсуат тұрғындары үшін айтулы күн. Табиғи газдың келуі — бұл тек қолайлылық пен жайлылық қана емес, сонымен қатар ауылдың дамуының жаңа кезеңі. Қазіргі уақытта ауданның 9 елді мекені табиғи газбен қамтамасыз етілді, бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады», — деді Елдос Рамазанов.
Ауыл тұрғындары үшін табиғи газға көшу күнделікті өмірде айтарлықтай өзгерістерді білдіреді. Атап айтқанда, үйлерді жылыту үшін отынды алдын ала дайындау қажеттілігі жойылады. Қызылсуат ауылының тұрғыны Гүлнар Сұлтанбекова жаңа қосылымның жергілікті тұрғындар үшін маңызды оқиға болғанын атап өтті.
«Біз үшін бұл шынымен де маңызды оқиға. Газ күнделікті өмірімізді айтарлықтай жеңілдетіп, тұрмысымызды ыңғайлы етеді. Енді отын дайындау мәселесін үнемі ойлап жүрудің қажеті жоқ. Ауылымызда жайлы өмір сүруге жағдай жасалғанына өте қуаныштымыз. Тұрмысымыз біртіндеп жақсарып, ауылымыздың дамып келе жатқанын сезініп отырмыз», — деді ол.
Тұрғындардың жекелеген санаттары үшін әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Әлеуметтік осал азаматтар тұтынылған газ көлеміне 20%-ға дейін жеңілдік ала алады. Ал табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларға тұрғын үйді газға қосу үшін 70 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Қызылсуат ауылын газдандыру 39 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз етуге бағытталған «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры жобасының бірінші кезеңіне кіреді. Жыл басынан бері жүйеге Қосшы қаласы, сондай-ақ Қараөткел және Қаражар ауылдары қосылды. Нәтижесінде 99,4 мың адам табиғи газға қол жеткізді.
Целиноград ауданының басқа да ауылдарында жұмыс жалғасуда. Қазіргі уақытта Ақмол, Қабанбай батыр, Өтеміс, Қызылжар, Нұресіл және Қажымұқан ауылдарын газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Осы жобалар іске асырылғаннан кейін тағы шамамен 30 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізе алады.
