Ақмола облысы үнді бизнесімен ынтымақтастықты кеңейтуде

 

Өңір үнді компанияларымен ынтымақтастықты кеңейтіп, бірлескен жобаларды іске асырудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруда. Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары Ченнай қаласында өткен «Қазақстан — Үндістан 2026» бизнес-форумында талқыланды. Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдары, даму институттары мен бизнес өкілдерінен 300-ден астам адам қатысты.

Инвестициялық әріптестікті дамыту Мемлекет басшысының инвестициялар тарту тәсілдерін жаңарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес келеді. 2025 жылғы Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа инвестицияларды ең алдымен өңдеу өнеркәсібіне бағыттауды, сондай-ақ бюрократия мен функциялардың қайталануын азайту үшін инвесторлармен жұмыс істеу жүйесін қайта қарауды тапсырды.

Форум аясында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов өңірдің мүмкіндіктерін таныстырды. Ол Үндістанмен ынтымақтастықтың неғұрлым перспективалы бағыттары қатарында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, жабдықтар өндірісі, туризм, логистика және инфрақұрылымды атады.

«Біз үшін форумның қорытындысы тек жаңа таныстықтармен шектелмей, нақты жобалар, серіктестер және алдағы қадамдардың нақты тізімімен бекітілуі маңызды», — деді Ернар Жаркешов.

Келіссөздер нақты уағдаластықтарға ұласты. «ECO-Dump» ЖШС үндістандық Green City Biotech және Enhanced Bio Fuels and Technologies Pvt. Ltd. компанияларымен меморандумдарға қол қойды. Бірлескен жұмыс биотын және био тыңайтқыштар өндіру, биомассаны қайта өңдеу, агротехнологияларды енгізу және тозған жерлерді қалпына келтіру бағыттарында жүргізіледі.

Жеке бағыттардың бірі — машина жасау саласы. Kazrost Engineering Ltd және Aqmola Beton Industry компаниялары үндістандық TAFE компаниясымен одан әрі ынтымақтастық орнату және Қазақстан нарығына арналған тракторлар өндірісін оқшаулау бойынша уағдаластыққа қол жеткізді. Сонымен қатар туризм және білім беру салаларындағы байланыстар да дамып келеді: Қазақстанның балалар-жасөспірімдер туризмі және демалысы қауымдастығы мен Blueberry Travel Group, сондай-ақ Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті мен Saveetha Institute of Medical and Technical Sciences арасында меморандумдарға қол қойылды.

Бүгінде Ақмола облысында жалпы құны 392 млрд теңге болатын 158 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оларды іске қосу 3 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейді. Жаңа өндірістерді орналастыру үшін өңірде республикалық маңызы бар AQMOLA индустриялық аймағы және үш өңірлік алаң — Көкшетау, Степногорск және Зеренді ауданында жұмыс істейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться