Жақын аралықта тіпті құрылыс көбеймек. Мектептер, аурухана, емхана, жол, теміржолдар салынып жатыр. Әуежайлар да бой көтеруде. Жақында ғана Арқалықта әуежай ашылды. Дәл сондай әуежай бірнеше аймақта салынып жатыр. Сонымен бірге су құбырлары, энергетика нысандары, өндіріс ошақтары да салынуда. Құрылыстың көп болғаны жақсы.
Біріншіден, бұл жұмыс орны деген сөз. Құрылыс нысанын салуға сол аймақтың халқы жұмысқа тартылады. Екіншіден, өндіріс ошақтарына да тапсырыс артады. Құрылысқа қажетті тас, цемент, темір және басқаны шығару көбейеді. Ол материалды тасу үшін транспорт саласындағы мамандарға тапсырыс артады. Олар да жұмысқа ие болады. Қызмет көрсету саласының да саудасы жүреді дегендей. Жалпы ірі құрылыс нысаны тізбекті деңгейде бірнеше салаға жұмыс береді ғой. Осылай кете береді.
Ауқымды құрылыстар мемлекет есебінен жүргізіледі. Жолдар, көпірлер, бөгеттер мен мектептер салынады. Бұл азаматтарды жұмыспен қамтуға сеп болады. Құрылыстың көп болуы есебінен зауыттарға тапсырыс артады. Бұл өз кезегінде құйылатын инвестицияны ұлғайтады.
Осылайша экономиканың нақты секторына қаржы ағымы ұлғая береді. Халық қаражатының бір бөлігін тауар алуға жұмсайды. Сәйкесінше сауда және қызмет көрсету саласына қатысты тапсырыс та артады.
Ауқымды құрылыстар бір жағынан халықты жұмыспен қамтуға, ал бір жағынан инфрақұрылымды жаңартуға, енді бір жағынан ақша түсімін арттыруға себепкер болады.
Жалпы ауқымды құрылыс нысандары тек бір ғимарат салу, құбыр төсеумен шектелмейді. Ол тізбекті реакция ретінде экономиканың түрлі саласына жан бітіреді. Ішкі сұранысты арттырады (зауыттарға), қызмет көрсету саласын күшейтеді (транспорт пен тасымалдау саласы, жол бойындағы асхана және басқа дегендей), инфрақұрылымды күшейтеді. Бастысы салынатын нысандардың сапасын, қажеттілігін және қаржылық сипатын қатаң қадағалап отыру керек. Салынатын нысанның сол аймаққа қажеттілігін де зерттеу маңызды. Мысалы 20 адам тұратын ауылға млрд теңгелік мектеп салып қоймау керек дегендей ғой. Осындай тұстарын бақылап, нақты есеппен жүргізілсе, ауқымды құрылыстар экономика үшін өте маңызды қозғаушы күш бола алады.
