Қазақстан Республикасы 2017 жылғы 31 қазандағы №689 «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес, 5 қыркүйек – Қазақстан Халқы тілдері күні болып бекітілді.
Айта кету керек, Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің өзіндік себебі бар. Бұл күн – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Енді барша қазақстандықтар қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тіл мерекесін тойлайды. Қазақтың әдебиет зерттеуші ғалымы, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Сарытүбек ауылында дүниеге келген болатын.
Тіл мерекесін тойлаудағы мақсатымыз Қазақстан халықтарының өз ана тіліне деген құрмет сезімін арттыру, тіл мәртебесін көтеру, таза сөйлеуге үйрету, өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін ояту. Ана тіліміздің тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың өсиетін ұран ету, қазақ тілінің мәртебесін көтеру. Қазақстан мемлекетінде тұратын барлық халықтардың тілдерін құрметтеу. Тіл – халық тарихы, тіл – ұлттық қазына, тіл – біздің намысымыз, арымыз, байлығымыз, барымыз. Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы.
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, қазақ халқының ана тілі, шексіз бай, шұрайлы, тегеуріні мықты, көркем, дана, сұлу, рухани бай, Абай әрлеген, Жамбыл жырлаған, Мәңгілік елдің Мәңгілік тілі!
Қазіргі заман жеке адамдардың ғана емес, тұтас ұлттардың да өткеніне үңіліп, бүгінгісін бажалап, болашағын бағдарлауға жол ашты. Еліміз өз егеменгідігін алып, іргесін кеңге жайған замандамыз.
Мемлекеттік тіл тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын бекітіп, қанатын қатайтты. Тілдің беделін көтеру, оның арын арлап, жоғын жоқтау, олқысын толтыру өз қолымызда, сіз бен біздің қолымызда.
Тіл тазалығы дейтініміз – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау — деп Ахмет Байтұрсынұлы меңзеген еді. Ана тілін – сүймеген халқын сүйіп жарытпас деген сөзде де терең мағына жатыр емес пе! Алдына ел болу өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз…