Жарқайың ауданында су тасқынының алдын алу шаралары жүргізілуде

Ақмола облысы үшін көктемгі су тасқыны өзекті мәселелердің бірі. Осыған байланысты Жарқайың ауданының әкімдігі де төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында кешенді дайындық жұмыстарын қолға алды, бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Мұрат Исмаилов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, осы жылы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында Жарқайың ауданының әкімдігі тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, қауіп-қатерлерді талдау жұмыстарын жүргізген.
«Аудан аумағында жүргізілген талдау нәтижесінде су тасқыны қаупі жоғары 7 елді мекен анықталды.Олардың қатарында Пригородное, Гастелло, Костычево, Ушкарасу, Львов, Кумсуат ауылдары мен Державинск қаласы бар. Бұл аймақтарда 107 үй мен 642 тұрғын қауіп аймағында тұр. Су тасқыны қаупін азайту үшін жаз бойы қорғаныс бөгеттері нығайтылды. Жалпы ұзындығы 4 280 метр болатын жер біліктері салынды және күшейтілді», деп толықтырды спикер.
Сондай-ақ, Пригородное ауылында ұзындығы 1 580 метр болатын айналма канал салынды, ал табиғи канал 250 метрге кеңейтілді. Бұл – еріген қар суының ауылға кіріп кетуін болдырмауға бағытталған маңызды қадам.
«Аудандағы су өткізетін арналар мен каналдар қардан тазартылып, жалпы ұзындығы 1 450 метрден астам арық жүйесі ретке келтірілді. Қыс бойы 32 000 текше метрден астам қар шығарылды. Сондай-ақ, Есіл өзенінің бойында мұз кептелістерінің алдын алу мақсатында бірнеше бөлімде мұз жару жұмыстары жүргізілді», дейді аудан әкімінің орынбасары.
Жалпы ауданда су тасқынына дайындық шаралары белсенді. Атап айтқанда 14 эвакуациялық пункт дайындалып, 1425 адамды орналастыру мүмкіндігі жасалды. Төтенше жағдай туындаған жағдайда халықты азық-түлікпен және қажетті тауарлармен қамтамасыз ету үшін арнайы жоспар бекітілді. Су тасқынымен күреске қажетті материалдық-техникалық база да дайындалды. Сонымен қатар, 4 дабыл сиренасы орнатылып, халықты жедел хабардар ету жүйесі жетілдірілді. Алдағы уақытта моторлы қайық сатып алу жоспарланған.
«Аудан аумағында су тасқыны жағдайын тәулік бойы бақылау ұйымдастырылып, қажет болған жағдайда қосымша күштер тарту үшін облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сұраныс жіберілетін болады. Бүгінде аудан бойынша 40 адамнан тұратын жедел әрекет ету тобы, 17 техника бірлігі және 28 мотопомпа сақадай сай. Сондай-ақ, 19 кәсіпорынмен төтенше жағдай кезінде көмек көрсету бойынша меморандум жасалды», деп қорытындылады Мұрат Исмаилов.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться