Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне ұялы телефон сатып алу кезінде тұтынушы құқықтарының бұзылуы бойынша өтініш келіп түсті.
Өтінішке сәйкес, Көкшетау қаласындағы дүкендердің бірінде тұтынушыға Apple iPhone 16 Pro маркалы ұялы телефон жаңа тауар ретінде сатылған. Алайда құрылғының қалпына келтірілген немесе бұрын жөндеуде болғаны туралы ешқандай ақпарат берілмеген.
Кейін тұтынушы телефонды басқа модельге үстеме ақымен ауыстыру мақсатында дүкенге жүгінген кезде, сатушылар аталған құрылғының қалпына келтірілген екенін хабарлаған. Осылайша, тұтынушыға тауар туралы толық әрі шынайы ақпарат берілмей, ол жаңылыстырылған.
Сонымен қатар, телефонды тексеру үшін сатушыға тапсырған кезде тұтынушыға қабылдау актісі немесе тауарды қабылдауды растайтын өзге құжат ұсынылмаған. Бұл да заң талаптарының бұзылуы болып табылады.
Қарау нәтижесінде қабылданған шаралардың арқасында дау оң шешімін тауып, тұтынушыға тауар үшін төленген қаражат толық көлемде қайтарылды.
Еске саламыз, Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңына сәйкес:
сатушы тауар туралы толық және шынайы ақпарат беруге міндетті;
тұтынушы сапалы тауар алуға құқылы;
тауар мәлімделген сипаттамаларға сәйкес келмеген немесе жалған ақпарат берілген жағдайда, тұтынушы ақшасын қайтаруды талап етуге құқылы.
Департамент кәсіпкерлерді заң талаптарын қатаң сақтауға, ал азаматтарды өз құқықтарын қорғауда белсенді болуға шақырады.
