«Таза өңір – жарқын болашақ»: ақмолалық жастар экологиялық бастаманы қолдады

 

Ақмола облысының Шортанды ауданында «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында «Таза өңір – жарқын болашақ» ұранымен экологиялық дөңгелек үстел өтті. Шараның басты мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін арттыру және оларды табиғатты қорғауға тарту болды.

Кездесуге мектеп оқушылары, колледж студенттері, еріктілер, экология саласының мамандары мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар табиғатты қорғау бағытындағы өзекті мәселелер мен жастардың практикалық экологиялық бастамаларға қатысу жолдарын талқылады.

Шортанды ауданының әкімі Сағындық Шабаров атап өтті:

«Таза табиғат – ел болашағының кепілі. Бүгінгі жастардың белсенділігі мен экологиялық жауапкершілігі – өңірдің ертеңгі келбетін айқындайтын басты фактор. Жас ұрпақ табиғатқа жанашыр көзқараспен қарағанда ғана өңіріміз жасыл әрі гүлденген аймаққа айналады».

Дөңгелек үстелден кейін қатысушылар Жастар аллеясында экологиялық акция өткізіп, 80 түп ағаш отырғызды. Акцияға 150-ден астам адам – студенттер, оқушылар, еріктілер, мемлекеттік қызметкерлер мен депутаттар қатысты.

Іс-шараның құрметті қонағы, Гиннестің рекордтар кітабының бірнеше дүркін рекордшысы Сергей Цырульников өз сөзінде:

«Ағаш отырғызу – бұл болашақ ұрпаққа мейірім мен қамқорлықтың белгісі. Табиғатты қорғау – әр адамның жеке таңдауы. Тек бірігіп әрекет еткенде ғана жерімізді таза әрі әдемі ете аламыз», – деді.

Биыл Шортанды ауданында 500 тоннадан астам тұрмыстық қалдық жиналып, 600-ге жуық ағаш отырғызылды. Бұл көрсеткіштер тұрғындардың белсенділігін және туған өңіріне деген жанашырлығын көрсетеді.

Әрбір отырғызылған ағаш – болашаққа қосқан үлес. Табиғатты қорғау мәдениеті әр азаматтың өмір салтына айналуы тиіс.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться