Референдум – ел дамуының жаңа кезеңі

15 наурыз күні Қазақстан Республикасы бойынша жаңа Конституция жобасы жөнінде жалпыұлттық референдум өтеді. Бұл – мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға. Өйткені ел дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бекітетін, қоғам мен билік арасындағы өзара іс-қимыл қағидаттарын қалыптастыратын басты құжат туралы болып отыр.

Конституция – жай ғана заңдық акт емес, ол – қоғамның құндылықтары мен басымдықтарын айқындайтын стратегиялық бағдар. Негізгі заңда әлеуметтік кепілдіктер, адам құқықтарын қорғау тетіктері, билік тармақтарының теңгерімі және мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігі бекітіледі. Конституция әрбір азаматқа қатысты. Оның мазмұны құқықтық қорғалуға, өзін-өзі жүзеге асыруға, кәсіпкерлікпен айналысуға, білім мен медициналық көмек алуға тікелей әсер етеді.

Қазіргі таңда әлем қарқынды өзгеруде. Сондықтан Негізгі заң заман талаптарына сай болып, мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз етуі тиіс. Осыған байланысты жаңа Конституция жобасы кең қоғамдық талқылаудың өзегіне айналды. Ауданымызда және ел көлемінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде: еңбек ұжымдарымен, қоғамдық бірлестіктермен, жастармен кездесулер ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдарында материалдар жариялануда. Негізгі мақсат – үдерістің ашықтығын қамтамасыз етіп, ұсынылып отырған өзгерістердің мәнін әрбір азаматқа жеткізу.

Жаңа Конституция – әділдік, ашықтық және биліктің есеп берушілік қағидаттарын нығайтатын, азаматтық қоғамның рөлін арттыратын және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіретін жаңа даму кезеңі.

15 наурыз күні әрбір азамат өз ұстанымын білдіріп, ел болашағына үлес қоса алады. Дауыс беруге қатысу – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Біздің белсенділігіміз мемлекетіміздің тұрақты дамуы мен келешек ұрпақтың игілігіне негіз болады.

Конституция – халықтың еркін білдіретін ортақ құжат. Ел дамуының келесі кезеңін айқындайтын да – халықтың өзі.

Дина АҚЫШЕВА,

аудандық газетінің редакторы.

Біржан сал ауданы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться