📌Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Үкімет Қазақстан бойынша көлік инфрақұрылымын жаңғырту және теміржол вокзалдарын жаңарту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруда. Осы жұмыстар аясында Түркістан облысындағы «Түлкібас» теміржол вокзалының реконструкциясы аяқталды.
«Түлкібас» стансасының тарихы 100 жылдан асады. Стансаның алғашқы ғимараты 1916 жылы салынған. Жаңа вокзал кешені тәулігіне 200-ге жуық жолаушыға қызмет көрсетуге есептелген және азаматтар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етеді. Ғимаратта 90 орындық күту залы бар, бұл бұрынғы вокзалдан екі есе көп. Сондай-ақ теміржол кассалары, анықтамалық бюро, тамақтану пункттері, қызметтік үй-жайлар жұмыс істейді.
Кедергісіз ортаны құруға ерекше назар аударылды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен мүгедектер үшін арнайы аймақтар қарастырылып, лифт орнатылды. Сонымен қатар ана мен бала бөлмесі жабдықталған.
Реконструкция аясында ұзындығы 540 метр болатын перрон платформасы жаңартылды. Іргелес аумақта абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, бейнебақылау және дауыс зорайтқыш жүйелері орнатылды. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер көпірі реконструкцияланды.
Теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі вокзалдарды қамтитынын және жолаушылар үшін заманауи және қолайлы жағдайлар жасауға бағытталғанын атап өту маңызды. Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында еліміз бойынша 124 теміржол нысанын жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда 72 вокзал жөнделіп, пайдалануға берілді. Тағы 49-ын реконструкциялау жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Астана, Алматы және Түркістан қалаларындағы тарихи-архитектуралық құндылығы бар үш ірі вокзал бойынша жұмыстар жеке блок ретінде қарастырылған. Оларды жаңғырту жұмыстары тарихи келбетін сақтау талаптарын ескере отырып, келесі жылы аяқталады.
