Отбасы – бақыт аясы

Отбасы – адамзат баласының алғаш тәрбие алатын аса қажетті әрі қасиетті алтын бесігі. Қай заманда, қай елде болса да отбасының адамзат ұрпағына ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа ештеңемен салыстыруға болмайды. Міне, қазақтың «Отан отбасынан басталады» дейтіні де сондықтан, халықтың туып-өскен үйін қарашаңырақ деп қастерлейтіні де сондықтан.

Ел Президентi мемлекет отбасынан басталатынын және бiздiң қоғамда негiзгi отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығы жоғары екенін ерекше атап өткен болатын. Мемлекет басшысының Жарлығымен қыркүйек айының екiншi жексенбiсi отбасы күні болып бекіген еді.

Отбасы мерекесі аясында өңіріміздегі үлгі боларлық шаңырақтарға ерекше көңіл бөлінуде. Мақсат – бірлігі жарасқан отбасылардың бірлігі мен татулығын өзгелерге үлгі ету.
​Айтулы мерекеге орай, аудан әкімі Достанбек Есжанов, аудан әкімінің орынбасары Орынбасар Теңдікқызы Мамай ауылындағы Қойшыбай Ермұрат пен Минан Еркегүлдің отбасын мерекемен құттықтады. Ермұрат пен Еркегүл көпбалалы отбасы. Отбасыларында 6 бала тәрбиелеуде. Оған қоса биыл Еркегүл батыр ана ретінде «Күміс алқа» төсбелгісімен марапатталды.
​Ата-ананың, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін таза атқару, бір-бірін құрметтеп сыйлауы, бәрі де осы отбасында көрініс тапқан. Расында бала дүниеге келген уақыттан бастап ата-анасына қарап өседі. Ата-анадан естіп, барлығын үйренеді. Абай Құнанбаев он тоғызыншы қара сөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды танидыдағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады».

​Сондай-ақ келесі марапатқа Сәуле ауылының тұрғындары Еркін мен Әсемгүл Барболовтардың отбасы иеленді. Барболовтар отбасы – нағыз Отан қорғаушылар отбасы. Себебі Әсемгүл дүниеге алты перзент әкеліп, олардың бәрі ұл бала. Жақын арада Әсемгүл Мағауқызы көпбалалы ана ретінде «Күміс алқа» төсбелгісімен марапатталды. Өнегесі мол отбасы болу перзент үшін ғана емес, ел үшін де ерекше рөл атқарады. «Елін сүйер сеніңіз, өз отбасын сүйе алған» демекші, жанұяда жарасым тауып, ізгілік пен махаббатқа шомылып өскен бала болашақта елдің тірегі бола алады.

Отбасының ұйытқысы анасы, тірегі әкесі, жемісі баласы болған кезде ғана отбасы берік болады. Ал елдің іргетасының берік қалануында осы отбасының қалай қаланғандығының маңызы ерекше. Отбасы – мейірім мен махаббаттың және әр адамның жан тыныштығы мен адамдық ауызбіршіліктің ұштасқан орны. Жарасым тауып, керегесі кең, іргетасы берік болған әр отбасы – мемлекет тыныштығының кепілі екені айдан анық. Бүгінгі кейіпкерлердің отбасында береке орнауына ата-ана тәрбиесінің, отбасындағы рөлінің сеп болғаны анық.
Қуаныш НУРКУШЕВА.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться