Облыста туберкулезге қарсы күрес тиімді жүргізілуде

Ақмола облысында туберкулезге қарсы жұмыстар жүйелі жүргізіліп, індет бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты деңгейде сақталып отыр.
Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша барлық негізгі көрсеткіштерде оң динамика байқалады. Биыл өңірде 204 жаңа жағдай тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 жағдайға аз. Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Серік Омарханов мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Сонымен қатар, аурудың таралу көрсеткіші 4,4%-ға төмендеген, ал өлім-жітім жағдайларының саны 6-дан 4-ке азайған. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде облыс бойынша көрсеткіштердің тұрақты төмендеу үрдісі байқалуда.
«Айта кетерлігі, ең айқын оң нәтиже балалар арасында тіркелді – былтырғы 10 жағдайдың орнына биыл небәрі 2 жағдай анықталып, көрсеткіш 80%-ға төмендеді. Ал жасөспірімдер арасында аздап өсім бар – өткен жылғы 4 жағдайдың орнына 5 жағдай тіркелді»,-деді департамент басшысы.
Талдау нәтижесіне сәйкес, науқастардың басым бөлігі – 35 пен 64 жас аралығындағы азаматтар (68%), олардың 80% жуығы еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Әлеуметтік жағынан қарағанда, тұрақты жұмысы жоқ адамдар үлесі жоғары – 77%-дан асады.
Инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында санитариялық қызмет мамандары кешенді профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізуде. Науқаспен байланыста болған адамдар анықталып, тексеруден өткізіледі.
«Биылғы 9 айда осындай 4434 адам тіркелген, оның ішінде 1085-і – балалар, 322-сі – жасөспірімдер. Барлығы медициналық бақылауға алынды, олардың екеуінен туберкулез анықталған»,-деп атап өтті Омарханов.
Туберкулездің алдын алудың маңызды тетігі – вакцинация. 2025 жылдың 9 айында өңір перзентханаларында дүниеге келген 6159 баланың 95,5%-ы (5880 бала) БЦЖ екпесін алды. Егілмеген 279 баланың ішінде 144-і – медициналық көрсеткіштер бойынша, 118-і – ата-аналардың бас тартуына байланысты.
«Туберкулезді ерте анықтау бағытында да оң өзгерістер бар. Балалар арасында туберкулиндік тексерумен қамту 95,7%-ға жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,2%-ға жоғары. Сондай-ақ, флюорографиялық тексерумен қамту көрсеткіші де 96,4%-ға дейін өсті»,-деді спикер.
Дәрігерлер тұрғындарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Туберкулездің алдын алу салауатты өмір салтынан басталады – дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден арылу, тазалық пен желдетуді сақтау маңызды. Сонымен қатар, жыл сайынғы флюорографиялық тексеруден өтіп отыру – ауруды ерте анықтаудың ең тиімді жолы.
Медицина қызметкерлері мен халықтың бірлескен күш-жігерінің арқасында Ақмола облысында туберкулезбен күрес саласында оң нәтижелерге қол жеткізіліп келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться