Құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу бойынша шектеулер

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2024 жылғы 1 жартыжылдығындағы жұмыс қорытындылары бойынша мәжілісінің 2024 жылғы 19 шілдедегі хаттамасының 10 тармағының 2) тармақшасына сәйкес құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер енгізілді.

Қазақстанда ойын бизнесін шектейтін заң қабылданғаны туралы барлықтарыңыз хабардар боларсыздар, оны бейресми түрде «лудоманияға қарсы заң» деп атайды.

8 шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды.

Енді мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары да құмар ойындарға, бәс тігуге қатыса алмайды. Шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару көзделген. Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілді. Туризм және спорт министрлігі ойын мекемесінің, букмекерлік кеңсенің, тотализатордың, ставкаларды қабылдаудың және құмар ойындар, бәс тігудің үлгілік қағидаларын бекітетін болады, оларға ойын бизнесі субъектілерінің қағидалары сәйкес келуі тиіс.

Өзгерістердің мақсаты азаматтарды және ең алдымен өскелең ұрпақты лудоманиядан қорғау, одан азаматтарға, олардың туыстары мен жақындарына жағымсыз салдардың алдын алу болып табылады. Бүгінгі күні ойынға тәуелділік мәселесі жеке отбасының немесе ойыншының өзі үшін проблема болуда. Елдің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді деп айтуға болады.

Қазір уақытта жоғарғы сынып оқушылары өздерінің алғашқы бәс тігулерін жасай бастады. Бұрын бұл ойын автоматтары болатын, ал қазір бәрі желіде. Мектептегі үлкен жастағы оқушылардың ойынға тәуелділігі күшеюде. Ал студенттік шақта қарқын алуда, 20 жасында жастар тәжірибесі бар ойыншыларға айналуда. Кейіннен бұл тәуелділік суицидке, ажырасуға, алкоголизмге әкеледі.

Сондықтан қазір ең маңызды шараларды қабылдау қажет. Заң жобасын депутаттар Мемлекет басшысының 2021 жылғы ақпанда ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында және 2023 жылғы қыркүйектегі Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында азаматтар арасында ойынға тәуелділікке қарсы күрес жөніндегі заңнамалық, ұйымдастырушылық және ақпараттық-идеологиялық шаралар кешенін қабылдау жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде бастамашылық етті.

Толықтырулар мен өзгерістер бірден елдің бес түрлі кодексіне және он бес Заңына енгізілді. Енді Қазақстанда букмекерлік кеңселерді, лотереяларды және онлайн-казиноларды сыртқы жарнамалауға тыйым салынады. Бұл тыйым бұқаралық ақпарат құралдарына, киноиндустрияға, әлеуметтік желілерге және SMS-хабарламаларға да қатысты.

Лотерея билеттерін тарату және онлайн-ставкаларды қабылдайтын машиналарды орнату айтарлықтай шектелген. Атап айтқанда, оған тұрғын үйлер мен жатақханаларда, білім беру мекемелері мен мәдениет мекемелерінде тыйым салынады.

Онлайн-казино ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік толығымен енгізіледі. Ойыншылар үшін жас шегі де белгіленді. Сонымен қатар, алименттері мен несиелері бойынша берешегі бар адамдар үшін құмар ойындарға тыйым салынады.
Бірақ ең бастысы мемлекеттік қызметшілерге, әскери, полиция қызметкерлеріне, арнайы қызметтер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне құмар ойындарға қатысу қатаң тиым салынады.
А.ӘУБӘКІРОВА,
Біржан сал ауданы бойынша әдеп жөніндегі уәкіл.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться