2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы басталды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша еліміздегі әрбір отбасы ұлттық байлықтың игілігін көруі керек: «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор шын мәнінде ұлттық мәртебеге ие болады және халықымыздың игілігіне қызмет етеді», — деді Президент.
Осы бағдарламаның аясында Қазақстанның әр баласының жинақтаушы шотына қаржы аударылады, ол қаражатты болашақта білімге немесе баспана сатып алуға жұмсауға болады. Бағдарламаға сәйкес, Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50%-ы Қазақстан балаларының арнайы жинақ шоттарына 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады. Қаржы Қазақстан азаматы саналатын және 18 жасқа толмаған барлық балаға теңдей бөлінеді.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының қатысушылары 2006 жылғы 1 қаңтардан 2023 жылғы 31 желтоқсан аралығын қоса алғанда туған балалар — Қазақстанның азаматтары болып табылады. Одан кейінгі жылдары туған балалар автоматты түрде бағдарламаның қатысушылары болады.
Жыл сайын БЖЗҚ «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорының (ЖТ МДҚ) негізінде кәмелетке толмаған азаматтардың тізімін қалыптастырады. Егер де сіздің балаңыз осы дерекқорға енгізілген болса, онда ол автоматты түрде «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасының қатысушысы болады және оған кепілді түрде жыл сайын нысаналы талаптар есептелетін болады.
Егер балаңыз қандай да бір себептерге байланысты нысаналы талаптардың қатысушылары тізіміне енгізілмеген және олардың жалпы санын есептеу кезінде ескерілмеген, алайда осындай қатысушы болуға құқылы болса, онда нысаналы талаптар өтініш жасаған жылдан кейінгі өткізіп алынған кезең (кезеңдер) үшін есептелді.
18 жасқа толған балалардың нысаналы жинақтары Ұлттық қордан АҚШ долларында БЖЗҚ-ға аударылады және БЖЗҚ-да АҚШ долларында сақталады. Кәмелеттік жасқа толған бағдарламаға қатысушы өз ақшасын пайдалану туралы шешім қабылдағанда, ол уәкілетті операторға өтініш береді, және БЖЗҚ оның жинақтарын уәкілетті операторда ашылған банктік шотқа АҚШ долларында аударады. Бұдан кейін уәкілетті оператор жинақтарды тұрғын үйге және (немесе) білім алуға аударған кезде, ақша АҚШ долларынан аудару сәтіндегі өзекті теңгенің бағамы бойынша теңгеге айырбасталады. БЖЗҚ-мен келісім жасаған және «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін уәкілетті операторлардың тізімі enpf.kz сайтында жарияланған.
БЖЗҚ нысаналы жинақтау шоттарындағы нысаналы талаптарды (міндеттемелерді), нысаналы активтерді, нысаналы жинақтарды есепке алады, нысаналы жинақтарды төлеуді жүзеге асырады. Тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында және білім алу ақысын төлеу мақсатында нысаналы жинақ төлемдерін пайдалану жөніндегі егжей-тегжейлі талаптар БЖЗҚ-дан нысаналы жинақ төлемдерін пайдалану қағидаларында регламенттелген.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы өскелең ұрпаққа мемлекет тарапынан болашақта аталған жинақтардың есебінен білім алуға және өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мүмкіндіктер беретін, қолдау көрсету болып табылады.
Қуаныш НУРКУШЕВА.
Фото:top-news.kz