Экологиялық керуен, форум және саяси сын: партиялардың штабында бір күн қалай өтті

Сайлауалды науқанның сипаты біртіндеп өзгеріп келеді. Өңірлерге сапарлар, еңбек ұжымдарымен кездесулер және ауқымды форумдармен қатар, партиялар қарсыластарының мәлімдемелеріне пікір білдіріп, ашық саяси пікірталасқа жиірек шыға бастады. 7 тамыз күні партиялар елдің әр өңірінде бірқатар сайлауалды іс-шара өткізді.

«Әділет» партиясының республикалық штабы Шымкентте жұмысын жалғастырып, онда бастауыш партия ұйымдарының республикалық форумы өтті. Форумға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 3500-ден астам бастауыш ұйым өкілдері қатысты. Партия төрағасы Айбек Дәдебай сайлауалды науқанның барысы туралы баяндап, партия мүшелерінің саны 800 мыңнан асқанын айтты. Оның мәліметінше, бүгінде 3545 бастауыш ұйым (шамамен 650 мың мүшесі бар), 20 өңірлік және 226 аумақтық штаб жұмыс істейді. Науқанға 30 мыңға жуық сенімді өкіл тартылған. Кандидаттар цифрландыру, әлеуметтік саясат және өзге де бағыттарды қамтитын сайлауалды бағдарламаның жекелеген бөлімдерін таныстырды.
Сондай-ақ Шымкент қаласының мәдениет және өнер саласы өкілдерімен жеке кездесу өтті. Онда кітап оқу мәдениетін дамыту, театрлар мен креативті индустрияны қолдау мәселесі талқыланды. Сонымен бірге ұлттық мәдени құндылықтарды қорғау және конституциялық негіздерді сақтау мәселесі қозғалды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Асхат Рахымжанов журналистермен кездесуде Қазақстан халық партиясын сайлау науқаны басталар алдында партия төрағасын ауыстырғаны үшін сынға алды.
Партияның Алматы облыстық филиалы Қонаев – Жаңа Арна – Заречный – Арна – Алатау бағыты бойынша автокеруен ұйымдастырды. Партия белсенділері мен кандидат Р. Жүсіпова Павлодар облысының Аққулы ауылының тұрғындарымен кездесті. Ақмола облыстық филиалының өкілдері Сандықтау ауданындағы Балкашин мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен жүздесті. Сонымен қатар Жезқазған қаласының тұрғындарымен де кездесу өтті.
Ақтөбе облыстық филиалы мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) төрағаларының қатысуымен олардың даму перспективаларына арналған ашық диалог ұйымдастырды. Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында, Көкшетау және Рудный қалаларында партия мүшелері тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын жүргізіп, үгіт-насихат материалдарын таратты.
Аралдан басталып, Қызылорда және Түркістан облыстары арқылы өткен «Байтақ» партиясының экологиялық керуені Жамбыл облысына жетті. Партия мәліметінше, бұл сапар өңірлердегі табиғатты қорғау және экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне арналды.
Астанада кандидат Сәуле Қамытбекова Center Concrete темірбетон бұйымдары зауыты мен Integrate Clinic медициналық орталығының ұжымымен кездесті. Кездесуде құрылыстағы энергия үнемдеу технологиялары мен экологияның адам денсаулығына әсері талқыланды.
Петропавлда кандидат Алмаз Жакишев «Мархабат» түзету балабақшасына барып, инклюзивті білім беру мен балалардың экологиялық қауіпсіздігі мәселесін көтерді.
Қазақстан халық партиясы бірнеше өңірде тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді. Атап айтқанда, Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы Түймекент ауылының тұрғындарымен, Алматы облысы Шелек ауылындағы Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасының ұжымымен, Теміртаудағы №7 кітапхана қызметкерлерімен, шамамен 700 адам еңбек ететін «Имсталькон» АҚ ұжымымен, көмір разрезі мен электр станциясында 4,5 мыңға жуық адам жұмыс істейтін «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ қызметкерлерімен, сондай-ақ Түркістан облысы Жетісай ауданының тұрғындарымен жүздесті.
Ұлытау облысында партия штабының өкілдері Жезқазған көпбейінді ауруханасының ұжымымен және «ҚазТрансОйл» кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесті. Өскеменде партия кандидаттары мен белсенділері қала тұрғындарымен трамвай ішінде бейресми кездесу өткізді.
Талдықорғанда өткен үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобалар көрмесінде ҚХП кандидаты Ирина Смирнова ЖСДП-ны сынға алып, қарсылас партияның бағдарламасында азаматтық секторды қолдау мәселесі жоқ екенін айтып, ЖСДП-ны «бір адамның партиясы» деп атады.
«Ауыл» партиясы Солтүстік Қазақстан облысында еңбек ұжымдары және ауыл тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді. Партия өкілдері құс фабрикасында, қайта өңдеу кәсіпорнында, Якорь ауылындағы ветеринарлық пунктте және «Есіл Су» филиалында болды. Кездесулер барысында салалық мәселелермен қатар, ауылдағы кадр тапшылығы бірнеше рет көтерілді.
Шығыс Қазақстан облысында партия төрағасы Қайрат Айтуғанов кандидаттармен бірге инклюзивті қоғам өкілдерімен, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен және ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналарымен кездесті. Онда қолжетімді орта, инклюзивті білім беру және кәсіби даярлық мәселесі талқыланды.
Семей қаласында Абай облыстық штабының жетекшісі Қайрат Смағұлов пен кандидат Балнұр Ахметова KondiZ кондитер фабрикасының ұжымымен кездесу өткізді.
«Ақ жол» партиясы Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде Ақтөбе облысынан кәсіпкер, партияның облыстық филиалының төрағасы әрі жергілікті мәслихат депутаты Ұлан Қозыбақовты таныстырды.
Партияның республикалық сайлауалды штабы төрайым Дания Еспаеваның жетекшілігімен Алматы облысы Қарасай ауданындағы Шамалған ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары таныстырылып, ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап берілді.
Штаб сондай-ақ осы аудандағы макарон өнімдерін шығаратын ANSAR FOODS ЖШС-на барып, еңбек ұжымымен кездесу өткізді.
Сонымен қатар партия Respublica өкілдерінің сынына ұшырады. Партия кандидаты Ерболат Мұхамеджан сайлауалды уәделер нақты нәтижемен дәлелденуі тиіс екенін айтып, бұл пікірін «Ақ жол» партиясына бағыттады.
Respublica партиясы Шымкент қаласында еңбек ұжымдарымен кездесуін жалғастырды. Үгіт жұмысына партия тең төрағасы Қуаныш Шонбай да қатысты. Делегация Alutech кәсіпорны мен MDS Doors ЖШС-на барып, жұмысшылармен еңбекке салынатын салық жүктемесі, отандық өндірушілерді қолдау және әлеуметтік-экономикалық мәселені талқылады.
Қалада кәсіпкерлердің, өнеркәсіп өкілдерінің, жастардың және партия белсенділерінің қатысуымен сайлауалды форум өтті. Онда партияның тең төрағалары мен кандидаттары бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырды.
Сонымен қатар ReTalks форматындағы ашық пікірталас алаңы ұйымдастырылып, оған бизнес өкілдері, жастар және қоғам белсенділері қатысты.
Делегация еліміздегі 80 жылдан астам тарихы бар, экспортқа 130-ға жуық өнім түрін шығаратын «Шымкентмай» АҚ-на да барып, кәсіпорын ұжымымен кездесті. Кездесуде отандық өндірісті қолдау және цифрлық технологияларды дамыту мәселесі сөз болды.
Осылайша, 7 тамыз күні партиялар өңірлердегі сайлаушылармен кездесулерін жалғастырып, бір-бірінің мәлімдемелеріне ашық пікір білдіре бастады. Елдің әр өңірінде өткізілген сайлауалды іс-шарасымен қатар, ақпараттық күн тәртібінде партияаралық пікірталас та айқын көрініс тапты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться