Целиноград ауданы күн сайын көркейіп келеді: балалар және спорт алаңдары ашылды

Целиноград ауданында ауылдық елді мекендерді көркейту және абаттандыру бағытында ауқымды жұмыстар жалғасуда. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға ерекше назар аударылуда. Биылдың өзінде 15 жаңа балалар және спорт алаңшасы салынып, жыл соңына дейін тағы екі нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Мұндай алаңдар ауыл тұрғындары үшін тек демалыс орны ғана емес, балалардың пайдалы әрі қуанышты уақыт өткізетін нағыз тартылыс орталығына айналып отыр.

Аудан әкімі Дарын Сабырғали атап өткендей, бұл жұмыстар облыс әкімінің тапсырмасы бойынша және кәсіпкерлермен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асырылуда. Жобалар «бірлесіп қаржыландыру» қағидаты бойынша орындалуда: қаржының 50 пайызы – төртінші деңгейлі жергілікті бюджеттен, ал қалған 50 пайызы – кәсіпкерлер есебінен бөлінеді.
«Біздің мақсат – барлық ауылдарды барынша қамту. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Барлық жоба төртінші бюджет есебінен және бизнестің белсенді қолдауымен іске асырылуда. Кәсіпкерлермен сөйлесіп, олардың салық төлеуші ретінде аудан өміріне қатысуын, әлеуметтік инфрақұрылым құруға атсалысуын сұраймыз. Бізді қолдап жүрген жақсы бизнес субъектілері бар. Мысалы, Ынтымақ ауылындағы балалар алаңы – осындай серіктестіктің нәтижесі. Алдағы уақытта осындай алаңдар Ақмол, Қосшығұл және Раздольный ауылдарында да бой көтермек», – деді Дарын Сабырғали.
Жергілікті кәсіпкерлер аудан әкімдігінің бастамасын белсенді түрде қолдап отыр. Олар ауылдық инфрақұрылымды дамыту тұрғындардың өмір сапасын арттырудың маңызды бөлігі екенін жақсы түсінеді. Мәселен, серіктестер қатарында «Элит Строй Астана» компаниясы бар. Аталған компания Қызылсуат ауылында балалар ойын алаңын салуға қаржылай демеушілік көрсеткен.
«Біз Қызылсуат ауылына 100 миллион теңге көлемінде демеушілік жасап, балалар алаңын салып бердік. Балалар – біздің болашағымыз. Олардың спортпен айналысып, қуанып ойнайтын өз орындарының болғанын қаладық. Балалардың жүзіндегі күлкіні көру – үлкен қуаныш. Болашақта да ауылды қолдап, көмектесуді жалғастырамыз», – деді компания директоры Диас Кабиденов.
Ауыл тұрғындары үшін мұндай жобалардың маңызы зор. Жаңа алаңдар ауылдың дамуы мен тұрғындарға деген қамқорлықтың көрінісі болып отыр.
«Бүгін біздің ауылда ерекше күн. Мұндай нысандардың ашылуы – тіпті қалалар үшін де сирек оқиға. Бұл – балаларымыз үшін үлкен қуаныш, нағыз сыйлық. Облыс пен аудан әкімдігіне, ауылды дамытуға үлес қосып жүрген барлық жанға алғыс айтамыз. Ауылымыз күн сайын көркейіп, балаларымыздың жүзінен қуаныш көру – ең басты бақыт», – дейді Ынтымақ ауылының тұрғыны Раушан Сырыпбекова.

Целиноград ауданында мемлекеттік қолдау мен бизнестің бірлескен күші арқасында ауылдарда балалар мен спорт алаңдары салынып, ауыл өмірінің сапасы артып келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться