Аида Балаева: Жаңа Конституция жобасы цифрлық кеңістіктегі құқықтарды қорғауды күшейтеді

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жеке өмірге қол сұқпау құқығы мәселесі көпшілік үшін аса маңызды екенін айтты. Министрдің айтуынша, бұл жаңа Конституция жобасының 21-бабында көрініс тапқан.
«Қазіргі Конституцияның 18-бабында бұл құқықтың негізгі кепілдіктері бұрыннан бекітілген. Атап айтқанда, әркімнің жеке және отбасылық құпиясына, ар-намысы мен қадір-қасиетінің қорғалуына, банктік салымдарының, хат алмасуының, телефон арқылы сөйлесулерінің және өзге де хабарламаларының құпия сақталуына құқығы бар. Осы нормалар ұзақ жылдар бойы адамның негізгі жеке құқықтарының берік іргетасы болып келеді» — дейді Аида Балаева.
Сондай-ақ, бүгінде уақыт өзгергенін, қазір біз цифрландыру дәуірінде өмір сүріп жатқанымызға тоқталды.
«Онлайн-платформалар, электрондық сервистер, банктік қосымшалар мен әлеуметтік желілер күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Соған байланысты жеке ақпараттың едәуір бөлігі цифрлық ортада сақталып, өңделеді. Бұл өз кезегінде жаңа қауіп-қатерлердің де пайда болуына алып келеді. Сондықтан жаңа Конституция жобасы заман талабына сай жаңартылып, бүгінгі күннің сын-қатерлеріне жауап береді. Жобаға енгізілген 21-бапта жеке деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығы нақты бекітілген. Бұл норма цифрлық технологияларды қолдану жағдайларын да қамтиды. Сонымен бірге мұндай қорғаныс заңмен кепілдендірілетіні арнайы атап көрсетілген. Бұл маңызды өзгерту адамның цифрлық кеңістіктегі құқығын қорғаудың конституциялық негізін қалыптастырады» — дейді министр.
Сонымен қатар жоба мәтінінде цифрлық технологиялар арқылы жүзеге асатын банктік операциялардың, хат алмасудың және өзге де хабарламалардың құпиясы қорғалатыны да нақты көрсетілгенін атап өтті.
«Тағы бір маңызды жайт – үшінші тармақта «азамат» емес, «әр адам» деген ұғым қолданылған. Бұл құқықтық кепілдіктердің аясын кеңейтіп, олардың жан-жақты сипатын күшейтеді. Осылайша жаңа Конституция жобасы қолданыстағы құқықтарды сақтап қана қоймай, оларды заманауи талаптарға сай нақтылап, одан әрі дамытады. Жаңа ғасырдағы жаңашылдықтарды ескере отырып, адам құқықтарын офлайн да, цифрлық кеңістікте де қорғауды күшейтеді» — деді Премьер-министрдің орынбасары. Дереккөз: https://baq.kz/

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться