Ақмола облысының барлық аудан-қалаларында «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті. Азаматтарды қабылдау алаңдары тұрғындарға ыңғайлы және қолжетімді орындарда ұйымдастырылды. Тұрғындарға прокурорлар, адвокаттар, нотариустар мен мемлекеттік органдардың өкілдері тегін құқықтық кеңес берді. Бірнеше сағаттың ішінде мамандар ондаған өтініш қабылдады. Келушілердің басым бөлігі еңбек, жер, тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелер бойынша жүгінді.
Акцияның форматы құқықтық көмектің халыққа жақын әрі түсінікті бола алатынын көрсетті.
– Бұл акцияның басты мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және өзекті, проблемалық мәселелер бойынша құқықтық кеңес пен көмек көрсету. Біз мұнда құқық қорғау органдарының қызметкерлерін ғана емес, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерін, адвокаттар мен нотариустарды да жинадық. Азаматтар кез келген сұрақтарын қоя алады, – деп атап өтті Ақмола облысының прокуроры Руфат Куттуков.
Мамандар кейбір мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстарын сол жерде жүргізсе, қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер бақылауға алынды. Осындай форматтағы азаматтарды қабылдау шарасы өңірде жыл сайын өткізіліп, тұрғындар тарапынан оң пікірге ие болып келеді.
Айта кетейік, биыл бұл акцияның негізгі үйлестірушісі ретінде алғаш рет облыс прокуратурасы танылды. Іс-шара адвокатура, нотариат палатасы және атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен өтті.
