Ақмола облысы прокуратурасының ұйымдастыруымен, облыс прокурорының орынбасары Марат Бақтыбекұлының төрағалығымен «Wyndham Garden» жағажайы аумағында «Қауіпсіз жағалау» профилактикалық акциясы өткізілді.
Іс-шараға Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ренат Ельгизович Валишанов, Ақмола облысы туризм басқармасының басшысы Андрей Иванович Подгурский, жергілікті атқарушы органдардың, аудандық полиция бөлімінің өкілдері, сондай-ақ жағажайлар мен демалыс аймақтарының иелері қатысты.
Акция барысында қатысушылар мен демалушыларға судағы қауіпсіздік қағидалары, өрт қауіпсіздігі талаптары, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету тәртібі, сондай-ақ жаппай демалыс орындарында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету талаптары түсіндірілді.
Жағажай иелерінің қауіпсіздік талаптарын сақтауы, қажетті құтқару құралдарының болуы, құтқару қызметтерінің кезекшілігін ұйымдастыруы және азаматтарды судағы жүріс-тұрыс қағидалары туралы уақтылы хабардар ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Осындай профилактикалық іс-шараларды өткізу жазғы кезеңде жазатайым оқиғалардың алдын алуға, халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға және азаматтардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Дереккөз: Ақмола облысының прокуратурасы
