Ақмола облысында Жаңа Конституцияның ел дамуындағы рөлі талқыланды

Жалпыұлттық референдумның қорытындысы бойынша қабылданған Жаңа Конституция Қазақстанның саяси және қоғамдық дамуының жаңа кезеңіне жол ашты. Негізгі заң әділетті мемлекет құрудың басты қағидаттарын бекітіп, азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтіп, елді одан әрі жаңғыртудың негізгі басымдықтарын айқындады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің подкастында қазақстандық журналист, қоғам қайраткері, Ақмола облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бұрынғы депутаты Жабал Ерғалиев айтып берді.

Спикердің айтуынша, әрбір Конституция өз дәуірінің талаптарына сай қабылданады. 1995 жылы қабылданған Ата заң тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуында тарихи рөл атқарды. Алайда уақыт талабына сай елдің одан әрі дамуы жаңа құқықтық және саяси шешімдерді қажет етті.

«Бүгінде Қазақстан Республикасы өзінің дамуындағы аса маңызды тарихи кезеңді бастан өткеріп отыр. Егер тәуелсіздігіміздің тарихына алтын әріптермен жазылатын айтулы күндер болса, олардың бірі сөзсіз 2026 жылғы 15 наурыз болады», – деді Жабал Ерғалиев.

Сарапшының айтуынша, Жаңа Конституция – Мемлекет басшысының бастамасымен 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан ауқымды саяси реформалардың заңды жалғасы. Құжатта адам құқықтарын қорғауды күшейтуге, заң үстемдігін нығайтуға, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын дамытуға және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге ерекше басымдық берілген.

Жабал Ерғалиев цифрландыру мәселесіне де арнайы тоқталды. Оның айтуынша, заманауи технологиялардың қарқынды дамуы азаматтардың дербес деректерін және цифрлық құқықтарын қорғауды күшейтуді талап етеді.

«Бүгінде адам туралы ақпараттың басым бөлігі электронды форматта сақталады. Сондықтан дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау ерекше маңызға ие», – деп атап өтті ол.

Сарапшының пікірінше, Жаңа Конституция Қазақстанның тарихи сабақтастығын да нығайтады. Құжатта еліміздің Ұлы дала өркениетінің мұрагері ретіндегі мәртебесіне баса назар аударылып, ұлттық бірегейлікті сақтауға және отандық тарихты тереңірек зерделеуге мүмкіндік берілген.

Жабал Ерғалиев Жаңа Конституцияның қағидаттарын табысты іске асырудың маңызды шарттарының бірі ретінде қоғамның құқықтық мәдениетін арттыру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағытта жастардың рөлі ерекше.

Ақмола облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жастар ресурстық орталығы Жаңа Конституцияны, мемлекеттік реформаларды және белсенді азаматтық ұстанымды насихаттауға арналған кездесулер, дәрістер мен ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын тұрақты ұйымдастырып келеді.

Подкаст соңында Жабал Ерғалиев елдің табысты дамуы қоғамдағы бейбітшілік, қоғамдық келісім мен бірлікті сақтаумен тығыз байланысты екенін атап өтті. Оның пікірінше, дәл осы құндылықтар Жаңа Конституцияның қағидаттарын тиімді жүзеге асырудың және Қазақстанның одан әрі өркендеуінің берік негізі болып табылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться