Егіндікөл ауданының Спиридоновка ауылының тұрғындары аудан орталығына жайлы қоғамдық көлікпен қатынау мүмкіндігіне ие болды. Ауыл халқы үш онжылдық бойы күткен тұрақты автобус бағыты шілде айының басынан бастап өз жұмысын бастады.
Ауылдық жерлердегі өмір сапасының маңызды көрсеткіштерінің бірі – көлік қатынасының қолжетімділігі. Спиридоновка ауылының тұрғындары үшін Егіндікөлге қатынау мәселесі ұзақ жылдар бойы өзекті болып келді. Соңғы 35 жыл ішінде ауыл мен аудан орталығы арасында тұрақты автобус қатынасы болмағандықтан, тұрғындар емханаға бару, мемлекеттік мекемелерде қажетті құжаттарды рәсімдеу және басқа да маңызды шаруаларын шешу кезінде айтарлықтай қиындықтарға тап болды.
Бұл мәселе тұрғындардың аудан басшылығымен өткен кездесулерінде көтерілді. Халықтың өтінішіне құлақ асқан жергілікті билік мәселені шешу жолдарын қарастырып, нәтижесінде жаңа әлеуметтік автобус бағытын іске қосты.
«Бұл бағыттың ашылуы – аудан тұрғындарымен бірлескен жұмыстың нәтижесі. Біз олардың өтінішін назарға алып, тұрақты автобус қатынасын ұйымдастыруға мүмкіндік таптық. Жаңа маршрут ауыл тұрғындарының аудан орталығына қатынауын әлдеқайда қолжетімді әрі ыңғайлы етеді деп сенемін», – деді Егіндікөл ауданының әкімі Юрий Курушин.
Енді бұрын жолай көлік іздеуге немесе такси қызметіне қомақты қаржы жұмсауға мәжбүр болған тұрғындар аудан орталығына еш қиындықсыз қатынай алады. Ұзындығы 24 шақырым болатын бағытта 15 жолаушыға арналған автобус аптасына үш рет қатынайды.
Жобаның әлеуметтік маңызына ерекше көңіл бөлінді. Жол жүру ақысы тұрғындарға қолжетімді деңгейде – 400 теңге болып белгіленді. Ал мүгедектігі бар азаматтар үшін жол жүру тегін. Бұл әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қолдауға бағытталған маңызды шешімдердің бірі.
«Біз бұл автобусты көптен күттік. Енді аудан орталығына еш қиындықсыз барып, ауруханаға қаралып, қажетті шаруаларымызды бітіріп, белгіленген уақытпен ауылға қайта аламыз. Бұл біздің ауыл үшін өте маңызды», – дейді Спиридоновка ауылының тұрғыны Людмила Николаевна.
Егіндікөл – Спиридоновка әлеуметтік автобус бағытының іске қосылуы ауданның көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болды. Алдағы уақытта да жергілікті билік ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік маңызы бар қызметтердің барша тұрғын үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.
