Сандықтау ауданында жолдар жаңартылып, инфрақұрылым мен абаттандыру жұмыстары күшейтілуде

 

Сандықтау ауданында тұрғындардың күнделікті өміріне қолайлы жағдай жасау мақсатында жол инфрақұрылымын дамыту, елді мекендерді абаттандыру және инженерлік нысандарды жаңарту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Аудан аумағындағы көлік қатынасын жақсарту мен ауылдардың көркін арттыру басты міндеттердің бірі болып отыр. Бұл туралы брифинг барысында аудан әкімі Серік Құдабай мәлімдеді.

Жол сапасы – елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін маңызды бағыттардың бірі. Осыған байланысты ауданда аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу, су өткізу құрылыстарын қалпына келтіру және көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыру жұмыстары жүргізілуде.

Биыл Васильевка – Тучное автомобиль жолындағы су өткізу құрылысына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Дорогинка – Каменка бағытындағы және Новоселовка ауылына кіреберістегі екі су өткізу нысаны қалпына келтірілді.

Аудан үшін маңызды жобалардың бірі – Каменка ауылына кіреберістегі көпірді күрделі жөндеу. Жоба Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Сонымен қатар Жыланды – Быстримовка бағытындағы және Белгородское ауылына кіреберістегі су өткізу нысандарын қалпына келтіру бойынша жобалық құжаттар әзірленуде.

«Жол инфрақұрылымын дамыту – халықтың өмір сапасын арттырудың маңызды бөлігі. Жақсы жол – ауылдардың дамуына, кәсіптің өркендеуіне және тұрғындардың еркін қозғалысына мүмкіндік береді», – деді Серік Құдабай.

Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ауданда ауыз сумен қамту деңгейін арттыру мақсатында жаңа жобалар іске асырылуда. Қазіргі уақытта 32 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылған.

Балкашино ауылындағы қазандық пен жылу желілерін қайта жаңарту жобасы да аудан үшін маңызды бастамалардың бірі. Бұл жоба тұрғындарды тұрақты жылумен қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар Жабай өзенінің түбін тереңдету және жағалауды бекіту жұмыстары аяқталуға жақын. Жоба өзен маңындағы аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, болашақта абаттандырылған қоғамдық кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Біздің басты мақсатымыз – тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру. Инфрақұрылымға салынған әрбір инвестиция халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді», – деп атап өтті аудан әкімі.

Сандықтау ауданында жол, су, жылу және абаттандыру салаларындағы жобалар елді мекендердің тұрақты дамуына және тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне бағытталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться