
Бурабай ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында табиғи бұлақ көздерін сақтау, бұлақ аумақтарын абаттандыру және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы өтті.
Іс-шара аудан аумағындағы табиғи бұлақтардың маңында ұйымдастырылды. Акция барысында қатысушылар бұлақ маңындағы аумақтарды қоқыстан және қураған шөптен тазарту, бұлақ көздерін санитарлық тазалау, сондай-ақ аумақты абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Акцияға мемлекеттік мекеме өкілдері, еріктілер, жастар, қоғамдық бірлестіктер және аудан тұрғындары қатысты.
«Мөлдір бұлақ» акциясы Бурабай ауданында тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы маңызды экологиялық шаралардың бірі болды. Мұндай бастамалар тазалық пен тәртіпті сақтауға ғана емес, табиғи ресурстарды қорғауға, экологиялық жауапкершілікті арттыруға және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Халбаев Ержан Абдалиевич өз сөзінде:
«“Мөлдір бұлақ” акциясының ауданымыз үшін маңызы зор. Бұлақтарды сақтау — табиғатты, экологияны және келешек ұрпақты қорғау деген сөз. Осындай игі бастамалар тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, туған жердің табиғи байлығына жауапкершілікпен қарауға үндейді», — деп атап өтті.
Бурабай ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы экологиялық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Осындай шаралар өңірдің табиғи мұрасын сақтауға өз үлесін қосып, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қоғам назарын аударуға мүмкіндік береді.
